Грузияда Қазақстан журналисі Жанбота Төлегеннің өліміне қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Сотқа дейінгі тергеу барысында айыпталушы Габриэл Хохобашвили өз кінәсін толықтай мойындаған болатын, сот отырысында ол өз айыбын тағы да растады.
Жәбір көруші тарап, яғни Жанбота Төлегеннің бауырының мүддесін сотта грузиялық адвокат Нино Андриашвили қорғап жатыр. Оның айтуынша, Габриэл Хохобашвилиге "Жеке басының пайдасы үшін қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша 16-20 жылға не тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Сбросил тело в реку: полиция Грузии раскрыла детали убийства казахстанской журналистки
Еске салайық, қазақстандық журналист Жанбота Төлеген 2023 жылғы 21 мамырда Грузияның шығысындағы Кахетияда, Сагареджо ауылының маңында кісі қолынан ажал құшқан болатын. Кейін айыпты ретінде Габриэл Хохобашвили есімді грузиялық азамат ұсталды. Ол Жанбота Төлегенді алдап, Тбилисиден Кахетияға баруға үгіттеп, кейін басынан кірпішпен ұрып өлтіргенін, ал оның денесін өзенге лақтырып жібергенін мойындады.
Жанбота Төлегеннің денесі Қазақстанға жеткізіліп, ол 2 маусымда жерленді.