Тікелей эфир

Грузия соты қазақстандық журналист Жанбота Төлегенді өлтірген Хохобашвилиді 11 жылға соттады

Журналистің туыстары бұл жазаны тым жеңіл деп санайды.

Грузияда Жанбота Төлегеннің өліміне қатысты өткен сот отырысында сот 50 жастағы Габриэль Хохобашвилиді 11 жылға соттады. Алайда, арызданушы тарап бұл жазаны тым жеңіл деп санап, шешімді қайта қарау үшін шағым түсірмек.

Грузиялық адвокат Нино Андриашвилидің айтуынша, сот Габриэль Хохобашвилидің "жеке басының пайдасы үшін қасақана адам өлтіргеніне" жеткілікті дәлелдер жоқ екенін алға тартқан. Соған орай, енді қажетті дәлелдер жинау жұмысы басталады.

Габриэль Хохобашвили тергеу барысында-ақ өзінің айыбын мойындаған болатын. Ол сотта да оны растады. Алайда, сот жазаны бұрын таңылған "Жеке басының пайдасы үшін қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша емес, тек "кісі өлтіру" бабы бойынша ғана тағайындаған. Бұған дейін Нино Андриашвили түсіндіргендей, Грузияда "Жеке басының пайдасы үшін қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша 16-20 жылға не тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 

Еске салайық, қазақстандық журналист Жанбота Төлеген 2023 жылғы 21 мамырда Грузияның шығысындағы Кахетияда, Сагареджо ауылының маңында кісі қолынан ажал құшқан болатын. Кейін айыпты ретінде Габриэл Хохобашвили есімді грузиялық азамат ұсталды. Ол Жанбота Төлегенді алдап, Тбилисиден Кахетияға баруға үгіттеп, кейін басынан кірпішпен ұрып өлтіргенін, ал оның денесін өзенге лақтырып жібергенін мойындады. 


Оқи отырыңыз: Грузияда қазақстандық журналист Жанбота Төлегеннің өліміне қатысты сот отырыстары басталды


Жанбота Төлегеннің денесі Қазақстанға жеткізіліп, ол 2 маусымда жерленді. 

Серіктестер жаңалықтары