Грузия қазақстандықтарға білім грантын бөлді

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Жалпы бес грант бөлініп отыр.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" Грузияның жоғары оқу орындарына оқуға құжаттарды қабылдау туралы хабарлады.

"Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Грузияның Білім, ғылым және жастар министрлігі арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылым саласында ынтымақтастық туралы Келісім аясында Қазақстан Республикасының азаматтарын 2025-2026 оқу жылына қабылдау мақсатында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігі ашылды", – делінген хабарламада. 

Гранттар саны – 5.

  • бакалавриат бағдарламасы бойынша 2 орын;
  • магистратура бағдарламасы бойынша 2 орын;
  • докторантура бағдарламасы бойынша 1 орын.

Өтінім беру мерзімі: 2025 жылдың 26 мамырына дейін (қоса алғанда) жалғасады. Құжаттарды 2025 жылғы 15 мамырынан 26 мамырына дейін (қоса алғанда) "Электрондық үкімет" порталы  арқылы немесе "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ға кеп қолма қол тапсыруға болады.


Оқи отырыңыз: Қазақстан оқушылары арасында математикадан республикалық онлайн олимпиада өтеді


Шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу келесі турлар арқылы жүзеге асырылады:

  1. Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен үміткерлердің дербес әңгімелесуін онлайн режимде өткізу.
  2. Үміткерлердің материалдарын қарау және Қорытынды комиссияның шешім шығаруы.

Үміткерлерді іріктеу үшін негізгі өлшемшарттар:

  • балдық жүйе бойынша шет тілін білу деңгейі;
  • білім туралы құжаттың балдық жүйе бойынша орташа балы;
  • Тәуелсіз сараптамалық комиссияның бағасы.

Қағидалардың 17-тармағына сәйкес, халықаралық шарттар/келісімдер шеңберінде шетелде оқуға үміткерлерді іріктеу кезінде балл тең болған жағдайда мына төмендегілер баллмен басымдыққа ие болады (келесі ретпен):

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ 175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген № 072/у нысаны бойынша медициналық анықтама (шетелге шығатындар үшін) ұсынған, медициналық қорытындыға сәйкес тиісті шетелдік білім беру ұйымдарында оқуға болатын бала кезінен мүгедектер және мүгедек балалар;
  • көп балалы отбасынан шыққан балалар;
  • ауылдық елді мекеннен шыққан, соңғы 2 (екі) жылда ауылдық елді мекенде тұратын үміткерлер;
  • шетелдік жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарынан шақыруы бар үміткерлер, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарында білім алушылар.

Оқи отырыңыз: Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері Астанадағы мектеп-лицейге барды


Іріктеу қорытындысы бойынша ұсынылған үміткерлердің тізімі қабылдаушы тарапқа жіберіледі. Соңғы шешімді қабылдаушы тарап қабылдайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары