Қазақстан оқушылары арасында математикадан республикалық онлайн олимпиада өтеді

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Білім сайысы оқушылардың IT мен жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуға көмектеседі.

Қазақстанда 26-31 мамыр аралығында математикадан республикалық онлайн олимпиадасы өтеді. Оған қатысу үшін оқушылар MathJol платформасына 24 мамырға дейін тіркелуі қажет. 

"Біз үшін IT саласын насихаттау ғана емес, осы салада кәсіби маман болуға негіз қалайтын берік іргетас құру маңызды. Бұл іргетас – математика. Олимпиада оқушылардың базалық білімдерін тексеріп, нығайтуға көмектеседі. Бұл білім кейін спорттық бағдарламалау мен жасанды интеллект әлеміне жол ашады", – деді Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының бас хатшысы Әдина Мағауина.

Олимпиадаға 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қатыса алады. Әр сыныпқа арналған тапсырмалар жинағы жеке болады. Қатысу тегін. Жарыстың әділ әрі ашық өтуі үшін ұйымдастырушылар Oqylyq.kz прокторинг жүйесін қолданады. Олимпиададан кейін барлық қатысушылар Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясынан электронды сертификат алады. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда ауыл оқушылары ғылыми-техникалық сабақтарға қатысады


"Біз өз сервистеріміз қазақстандық қолданушыларға түрлі міндеттерді шешуге көмектескенін қалаймыз, соның ішінде білім беру саласында да. Оқытуды тиімді әрі қолжетімді етуге тырысып жатырмыз, оның ішінде қазақ тілінде де. Сондықтан олимпиаданы онлайн форматта өткізіп отырмыз – бұл еліміздің қай өңірінде, қай мектепте оқыса да, әр оқушыға қатысуға мүмкіндік береді", – деді Яндекс Іздеу, Yandex Qazaqstan даму директоры Ұлан Қайырбеков.

Айта кетейік, олимпиаданы Яндекс Іздеу және Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы және нейрожелілер арқылы оқыту мен білімді тексеруге арналған прокторинг жүйесі – Oqylyq.kz бірлесіп ұйымдастырып отыр. 

Серіктестер жаңалықтары