Тікелей эфир

"Ертіс орманы" басшысы пара алды деген күдікке ілінді

Ол екі ай мерзімге қамауға алынды.

Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет прокуратураның үйлестіруімен орман шаруашылығын қорғау саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау шеңберінде «Ертіс орманы» Мемлекеттік орман табиғи резерватының басшысы тарапынан пара алу фактілерін анықтады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.

Ол кәсіпкерлерге іскерлік орманды заңсыз кескені және сатқаны үшін пара алудың қылмыстық схемасын ұйымдастырғаны анықталды. 26 қаңтарда тергеу сотының санкциясымен резерват басшысы екі ай мерзімге қамауға алынды.

Сонымен қатар, резерваттың бес бухгалтеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

"Олар 2021-2023 жылдар аралығында өздерінің карточкалық шоттарына, сондай-ақ мекеменің жұмыс істеп тұрған және бұрынғы қызметкерлерінің шоттарына жалақыны есептеу және аудару арқылы 25 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырған. Келтірілген материалдық залал ішінара өтелді.Тергеу жалғасуда",– деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде. 

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.


Оқи отырыңыз: Ертіс орманындағы ғылыми зерттеуден кейін 81 дәрілік шөп анықталды


Еске салсақ, былтыр «Ертіс орманы» резерваты бас директорының орынбасары ағаш дайындаушылардың бірінен карт-шотқа аудару арқылы 1 млн теңге мөлшерінде заңсыз ақшалай сыйақы алғаны анықталды. Сот  бас директордың орынбасарын екі жыл мерзімге орман шаруашылығы саласында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, бір жыл бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындады.

Серіктестер жаңалықтары