Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Qazaqstan телеарнасының "Бас тақырып" бағдарламасына берген сұхбатында Қазақстанда елді мекен, көшелерге атау беру ісі қалай жүйеленіп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, бұған дейін өңірлерде көшелерге атау беру ісі жергілікті ықпалды топтардың, белгілі адамдардың жетегінде кетіп қалып жатқан.
"Соңғы он жылдықтарда ономастикалық шешімдерді қабылдау құзыреті өңірлерде болып келді. Әр аймақ өзінше шешім қабылдады. Біз заңға өзгерістер енгізу арқылы бұл істі орталықтандырдық. Яғни, аймақтар пысықтаған шешімді министрліктер, Президент әкімшілігімен ақылдасып отырып жүзеге асырады. Қазір елді мекендер өсіп жатыр. Біздің міндет – жаңадан ашылған, атауы жоқ көшелерге атау беру. Сол кезде біздің қоятын талабымыз – егер жүз көшеге атау берілсе, соның он пайызы ғана адам есімін алуы керек", – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші, аталған он пайыздың өзінде көшеге тек тарихи тұлғалардың есімін беру қажеттігіне тоқталды.
"Әйтпесе, жергілікті ру, отбасы деңгейіндегі адамдардың есімі беріліп кеткен көшелер өңірлерде өте көп", – деді мемлекеттік кеңесші.
Оқи отырыңыз: Мемлекеттік награда неге жиі беріліп кетті? Ерлан Қарин жауап берді