Енді оң рөлді көліктерді такси ретінде қолдануға тыйым салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру үшін бірқатар жаңа талап әзірленіп жатыр.
Сонымен қатар тасымалдау саласында агрегаторлардың жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр. Көлік министрлігі Ішкі істер министрлігімен, сондай-ақ "Яндекс" пен inDrive сервистерімен бірлесіп, рөлі оң жақта орналасқан 70 мыңға жуық көлікті жолаушылар тасымалы процесінен шығарған.
Көлік саласындағы өзгерістер техникалық байқау орталықтарына да қатысты. Енді мұндай орталықтар жұмысын бастау үшін арнайы рұқсат алуы қажет. Талаптарды бұзған жағдайда салынатын айыппұл көлемі 30-дан 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылған. Ал техникалық байқауды іс жүзінде өткізбей, құжат жүзінде ғана рәсімдеген орталықтардың қызметі үш жылға дейін тоқтатылуы мүмкін.
Министрлік бұл шаралар жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға және көлік саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталғанын мәлімдеді.