Алматыда соңғы бес күн ішінде айыппұлы бойынша ірі қарызы бар 20-дан астам көлік арнайы тұраққа қойылды. Бұл туралы қалалық полиция мәлімдеді.
Ең көп қарыз Қырғызстанда тіркелген BMW көлігінің иесінде болған. Оның айыппұл бойынша берешегі 1,7 млн теңгеден асқан.
Полиция мәліметінше, көліктер "Қорғау" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ақпараттық жүйелер мен бейнебақылау камералары арқылы анықталған.
"Ұсталған көліктердің басым бөлігі шетелдік есепте тұр. Сонымен қатар олардың арасында Қазақстанның мемлекеттік нөмірімен жүрген көліктер де болған. Анықталған көліктердің барлығы арнайы тұраққа жеткізілді", – делінген хабарламада.
Полиция айыппұл бойынша қарыз жиналған жағдайда көлік заңда белгіленген тәртіппен анықталып, ұсталып, арнайы тұраққа қойылуы мүмкін екенін еске салды.