Малайзияның Жоғары білім министрлігі Қазақстанның Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сертификатын ресми түрде таныды. Енді бұл құжат Малайзия университеттерінің бакалавриат бағдарламаларына түсу кезінде ұсынылатын құжаттар тізіміне енгізіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандық түлектер енді Малайзияның бірқатар жоғары оқу орындарына міндетті Foundation даярлық бағдарламасын өтпей-ақ, ҰБТ сертификаты арқылы тікелей түсе алады.
Сонымен қатар ағылшын тілінде оқытылатын бағдарламаларға қабылдану үшін IELTS, TOEFL немесе басқа баламалы халықаралық сертификаттар арқылы ағылшын тілін меңгеру деңгейін растау талабы сақталады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, ҰБТ сертификатының халықаралық деңгейде танылуы қазақстандық білім бағалау жүйесінің заманауи академиялық стандарттарға сай екенін көрсетеді әрі түлектердің шетелде білім алу мүмкіндігін кеңейтеді.