Еңбекке қабілеттіліктен айырылған кезде төлемді және мүгедектік бойынша жәрдемақыны тағайындау жөніндегі қызметтерді алу процесі жеңілдеді. Енді бұл қызметтерді алу үшін 1 SMS-хабарлама жеткілікті, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
"Бұған дейін бұл қызмет түрлерін алу үшін екі SMS-хабарлама жіберу қажет еді: мемлекеттік қызметтерді проактив сипатта көрсету үшін келісім беру және төлем немесе жәрдемақы алғысы келген банктік шоттың 20 таңбалы IBAN нөмірін жіберу. Енді қызмет көрсету банкін таңдау – мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім берумен теңестіріледі", – делінген хабарламада.
Мұнымен қатар, жыл соңына дейін "Жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау", "Көпбалалы отбасыға жәрдемақы тағайындау", "Асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау" және "Асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау" сынды проактив қызметтер іске қосылады.