"Эмоцияға беріліп кеттім". Әуежай қызметкеріне шабуыл жасаған адам сотта өз нұсқасын айтты

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Машрапбек Баратов терроризм актісін жасауға және адамдарды кепілге алуға ниеті болмағанын айтты.

Алматы халықаралық әуежайында қызметкерді кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 

Сотта мемлекеттік айыптаушы Алмас Бертаев оқиғаның хронологиясын баяндады. 

Оның айтуынша, 7 наурыз күні Баратов өміріндегі қиындықтарға, соның ішінде жұмыссыз қалуына байланысты алаңдап, автобуспен Алматы халықаралық әуежайына келген. Сағат 11 шамасында ол әуежай ғимаратына кіріп, екінші қабатқа көтеріліп, жолаушыларды тіркеу залын көреді. Жолаушылардың ұшуға дейінгі тексеруден өтіп, күту залына қарай бет алғанын байқаған Баратов өзі де басқа қалаға ұшуға болатынын ойлап, басқа жолаушылардың соңынан еріп, тексеру бекетіне дейін барған.

Машрапбек Баратов мұндай әрекетке неге барғанын айтты.

"Қыз менен құжаттарымды сұрады, мен қазір қайта шығамын дедім. Бірақ ол мені тоқтатты. Қалай болғанын білмеймін, эмоцияға беріліп кеттім. Ол жерде полицейлер бар еді, мені атып тастайды деп ойладым. Мен қызға тыныштал дедім, бірақ ол айқайлай берді. Полиция назар аударды бірден. Сосын әуежайды жарып жіберемін деп қалай айтқанымды білмеймін. Сосын мен ештеңе талап етпейтінімді, жағдайды түсіндіру үшін басшылықты шақыруды сұрадым. Содан әуежай қызметкерлері келіп, талаптарымды сұрады. Неге екенін білмеймін, мен Астанаға жұмыс іздеп барғым келетінін айттым. "Әуежайды басып алу және жару жоспарым болған жоқ", – деді ер адам.

Оның айтуынша, жәбірленушінің өзі оны кепілге алуға итермелеген, ал полиция баяу әрекет еткендіктен, оны қатаңырақ әрекет етуге мәжбүрлеген.

"Полиция өзі кідіріп қалды. Кинода полиция дереу көмекке барады, бірақ мұнда қорықты. Мен де қызды аяп тұрдым, ол жылап отырды. Сол кезде бір адам келді. Бірақ менің біреуді пышақтайтын немесе жарып жіберетін ойым болған жоқ", – деді Машрапбек Баратов.

Ал жәбірленуші Ботагөз Мұхтарова сотта шабуыл кезінде қатты қорқып кеткенін айтты.

"Ол басында үш минуттан кейін әуежайды жарып жіберемін деп айтты. Мені ұстап алды. Бәрі кенет болды, мен бұл менің соңым деп ойлап, бетімді жауып алдым. Менен ештеңе талап етпеді, бірақ әуежайды жарып жіберемін деді. Мені жіберсін деп көмек сұрадым. Бір адам келіп, мені босатып, кепілге соны алуын сұрады. Кішкентай балам бар деп жылап, айқайладым...", – деп бөлісті бойжеткен.

Еске салайық, 2025 жылғы 7 наурызда Алматы әуежайында пышақ ұстаған ер адам қызды кепілге алған. Оны Мұса Әбдірайымов есімді жолаушы аман алып қалған. 8 наурызда Алматыда оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сыйлық табыс етілді.

Серіктестер жаңалықтары