Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапханасында OrdaGen әлеуметтік-танымдық жобасының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнаған "Orda ертегілері" кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай, Balapan телеарнасының директоры Қымбат Досжан, Jaidarman ЖҚБ президенті Есен Елеукен, BTS Education негізін қалаушы Саясат Нұрбек және басқалар қатысты.
OrdaGen жобасының мақсаты – ұлттық және адамзатқа ортақ биік құндылықтарды жаңа технологиялар форматына икемдеп, аңыздар мен ертегілер арқылы болашақ ұрпақтың санасына сіңіру. Бүгінге дейін аталмыш жоба аясында мыңға жуық заманауи ертегілер жазылып, әр ертегінің аудионұсқасы дайындалды. Үш түрлі тақырыпта қысқаметрлі мультфильм түсіріліп, "OrdaGen" мобильді қосымшасы бүлдіршіндерге тегін пайдалануға берген.
"Коммуникация саласы өте қатты дамыған заманда біздің балапандарымызға ертегі кітаптар шығарып, ұсыну бұл үлкен еңбек. Айбектің өзі айтқандай, енді бір жиырма жылда қазіргі он жасар бала отыздағы жігітке айналады екен. Сол отыздағы жігіттердің балалары, ұрпағы оқитын жоба болса екен, жоба ғұмыры ұзақ болсын деп тілеймін", – деді Balapan телеарнасының басшысы Қымбат Досжан.
Ал Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай:
"Мәдениет және спорт министрлігі жариялаған "Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылын" ORDAGEN шығармашылық тобы нақты істерімен қолдап отыр. Бізге жарық көрген өзге де кітаптардың сапасы ғана емес, жоба авторларының, редакторларының, кеңесшілерінің айқын ойлары мен нақты ұсыныстары ұнады. Өйткені, бала – талғамы ең жоғары оқырман, көрермен және тыңдарман. Айдар тағылған айтулы жылды мәнді, есте қаларлықтай етіп өткізу, яғни тәуелсіздігіміздің отыз жылдығында кітап оқуды дәріптеу – тек балалар жазушыларына, баспагерлерге ғана емес, баршамызға, мұғалімдерге, оқытушыларға, әсіресе, ата-аналарға жүктелген үлкен жауапкершілік, берері мол елдік-идеологиялық міндет", – деп атап өтті.