Тікелей эфир

"Электронды тізім жасалады". Оқу министрі жазғы лагерьлерге қатысты жауап берді

"Лагерь" атауын "орталық" деп өзгерту мәселесі пысықталып жатыр.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың сауалына орай, жазғы лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру мәселесі туралы жауап берді

Министрдің айтуынша, 2023 жылы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру "Қазақстан – бақытты балалық мекені" тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 

"Балалар сауықтыру ұйымдары балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдары болып табылады. Осы орайда, "Білім туралы", "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңдарына балаларға арналған сауықтыру ұйымдарын хабарлама жасау жөнінде өзгерістер енгізуі қарастырылған. Бұл Заң жобасы балалар сауықтыру ұйымдарының электрондық тізілімін құруға және сәйкесінше қорытынды құжаттарсыз ашылмауының алдын алуға мүмкіндік береді", – деді Ғани Бейсембаев. 

Сондай-ақ, министр "лагерь" атауын өзгерту мәселесі де қаралып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, министрлік "Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасын бекіту туралы" ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 50 бұйрығына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Онда "лагерь" атауын "орталық" атауымен алмастыру мәселесі пысықталуда. 


Оқи отырыңыз: Балалардың жазғы демалысы: Ұлытау облысында бірде-бір қала сыртындағы лагерь жоқ


Еске салайық, мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев лагерь атауын жазғы сауықтыру орталықтары деп өзгерту туралы ұсыныс жасаған еді. 

"Кеңестік идеологиямен санамызға сіңген лагерь сөзін жазғы сауықтыру орталықтары сөзімен ауыстыратын уақыт жетті. Лагерь сөзінің шығу тарихы мен тарихтағы лагерьлердің толқыны тек жаман сипатта екенін білеміз. Аты қорқынышты Карлаг, Алжир лагерлерінің пайда болу тарихы баршағы мәлім. Сондықтан ұлттық сана-сезімді жаңғыртуда лагерь атауын алмастырудың мәні зор деп білемін. Лагерь емес, жазғы демалыс орны немесе сауықтыру орны дегеніміз жөн", – деген болатын ол.

Серіктестер жаңалықтары