Премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова орталық және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева көтерген мәселелер бойынша кеңес өткізді. Кеңес кезінде вице-премьер Отбасыларды жан-жақты көмекпен қамтуды үйлестіру мәселелерін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарына бекіту тапсырылды.
Мұнымен қатар ішкі істер министрлігіне мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, қолайсыз жағдайдағы отбасыларды ерте анықтау бойынша мобилді топтардың жұмысын заңнамалық тұрғыдан бекітуді пысықтау тапсырылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отбасы, әйелдер және балалар мәселелері бойынша көмек көрсету үшін бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығын құрумен айналысатын болады.
"Сондай-ақ вице-премьер оқу-ағарту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт министрліктеріне әкімдіктермен, бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен бірлесіп, балаларға арналған барлық мемлекеттік ұйымды (оңалту орталықтары, интернаттар, балалар лагерлері және т. б.) кезең-кезеңімен жөндеу, материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша тексеру жүргізуді тапсырды. Тамара Дүйсенова индустрия және инфрақұрылымдық даму, білім министрліктеріне облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға облыс орталықтарынан тұрғын үй беру мәселелерін пысықтауды тапсырды", – делінген сайтта.
Оқи отырыңыз: Бас прокуратура жанынан заңсыз иеленген активтерді елге қайтаратын комитет құрылады
Тамара Дүйсенова балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды тапсырды. Түркістан облысындағы соңғы қайғылы оқиғаға байланысты әкімдіктерге ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып жазасын өтеп шыққан азаматтарды қайта әлеуметтендіру бойынша деректер қоры құрылады.