"Ел үмітін толық ақтады". Тоқаев көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Қазақстан 74 медаль жеңіп алды.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шығуы ел үшін үлкен жетістік болды. Бұл туралы Көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Ақорда.

Президент спортшыларды жарқын жеңістерімен құттықтап, ұлттық құраманың әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеде ел намысын абыроймен қорғағанын атап өтті.

"Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділетке сай сөз болады. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер болды. Мен де бұл доданы мұқият бақылап отырдым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұған дейін бірқатар елдің басшыларымен бірге Бішкекте өткен Көшпенділер ойындарының ашылу рәсімін тамашалағанын айтты. Сондай-ақ Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың қонақтарға көрсеткен қонақжайлығына ризашылығын білдірді.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 74 медаль, оның ішінде 32 алтын жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Тоқаевтың айтуынша, спортшылардың нәтижесі қазақ халқының рухы биік, жігері мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

"Осындай маңызды жарыста ұлттық құрамамыздың жалпы есепте бірінші орынға шыққаны бәріміз үшін қуанышқа толы жетістік болды. Бұл тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Көшпенділер ойындарының жоғары деңгейде өткенін және жарыс нәтижелерінің әділ болғанын атап өтті. Оның пікірінше, спорттың маңызды миссияларының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеп, халықтар арасындағы достықты нығайту.

Айта кетейік, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтті. Қазақстан құрамасы 74 медальмен жалпыкомандалық есепте топ жарды.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау