Тікелей эфир

Ел өңірлерінде іскерлік белсенділік артып келеді

Business WIRE онлайн форумында кәсіпкерліктегі ең танымал үш бағыт анықталды.

Қазақстандық кәсіпкерлер Business WIRE онлайн форумында инновациялық және әлеуметтік маңызы бар жобаларын таныстырды.

Форум барысында Shell LiveWIRE – Business Bilim кәсіпкерлерін оқыту бағдарламасының нәтижелері жарияланды: Батыс Қазақстан мен Нұр-Сұлтан қаласында 42 бизнес жоба іске қосылған. Сонымен қатар, бизнестегі ең танымал үш бағыт анықталды. Олар:

  • білім, өнер және спорт;
  • киім, тоқыма бұйымдарын өндіру және сату;
  • техникалық және автокөлік қызметтері.

"Shell Kazakhstan компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен бірге 2013 жылдан бері кәсіпкерлікті қолдап келеді. Ал 2018 жылы  Батыс Қазақстанда және және Нұр-Сұлтан қаласында Shell LiveWIRE жобасын бастадық. 2013 жылдан бері 1,5 миллион еуроға жуық инвестиция құйылды, 1 700 бенефициар қамтылды, 45 жаңа кәсіпорын, 600 жұмыс орны ашылды",– деді Shell Kazakhstan корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Айгүл Барменқұлова пресс-конференцияда.

Еуропа қайта құру және даму банкі Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы шағын және орта бизнесті қаржыландыру және дамыту департаментінің басшысы Хольгер Вефель Қазақстан өңірлеріндегі кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бастамалардың нәтижесін бөлісті.

"Аймақтарда, атап айтқанда, Батыс Қазақстанда іскерлік белсенділік өсіп келеді. Мұны Business Bilim мүшелері санының өсуінен де байқауға болады. Біз бастаған кезде 40 адам ғана қатысып, 20-сы ақтық кезеңге шыққан еді. Қазір 100-ден астам қатысушы бар, оның 50-ге жуығы ақтық кезеңге өтті. Жыл сайын шағын және орта бизнесті қолдауға арналған өнімдерімізді жетілдіріп отырамыз, жаңадан бастаған және шағын бизнес талаптарына сай келетін бағдарламалар жасаймыз. Мысалы, әйелдерді микробизнес бойынша оқытуды қолға алдық. Оған биыл бір мыңға жуық кәсіпкер қатысты",– деді Хольгер Вефель.

Business Wire форумында озық идеяға құрылған жобалар көзге түсті. Мысалы, Нұр-Сұлтандағы Kunde әлеуметтік кафесін атап өтуге болады. Онда жүйке-психикалық аурулары бар адамдар жұмыс істейді. Кафенің негізін Мәулен Ахметов қалаған. Ол Shell Top Ten Innovators байқауында "Жергілікті жердегі әл-ауқат" аталымы бойынша 15 елден келген 136 қатысушы арасында екінші орын алды. Оралдық кәсіпкер Бекежан Қайырғалиев органикалық қалдықтарды өңдейтін зауыттың жобасымен үздік төрттікке енді. Ол бұл жобаны елордада іске асыруды жоспарлап отыр.

Форумның баспасөз конференциясына Arbuz.kz онлайн супермаркетінің операциялық директоры Руслан Погорелов пен Glovo компаниясының Қазақстандағы бас менеджері Карим Богуспаев та қатысты. Руслан Погорелов супермаркетті АҚШ нарығына шығарумен айналысып жатқанын айтты.

"Соңғы бір-екі жылда бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да азық-түлік өнімдерінің онлайн саудасы жанданды. Пандемия нарықтағы ең ірі тұтынушылық сектордың трансформация процесін жеделдетті. Қызықтың бәрі енді басталып жатыр. 5-7 жылдан кейін азық-түлік пен ең қажетті тауарларды сатып алу тәсілдері адам танымастай өзгереді. Біз енді әлемдегі ең үлкен нарық – АҚШ-ты бағындыруды көздеп отырмыз",– деді Руслан Погорелов.

Glovo компаниясының Қазақстандағы бас менеджері гиг-экономиканың әлі де өсе түсетінін айтты.

"Бизнестің саны мен көлемі өссе, сұраныс та артады. Мысалы, Gallup мәліметтері бойынша, АҚШ жұмыс күшінің шамамен 36 пайызы гиг-экономикада. Яғни, компаниялар тұрақты жұмысшылардың орнына тәуелсіз мердігерлер мен фрилансерлерді жалдауға бейім. Әлемнің басқа елдерін де осындай үрдіс күтіп тұр деп ойлаймын. Қазіргі уақытта платформамызда 5 мыңнан астам курьер тіркелген. Олардың 40 пайызы өңірлерде орналасқан. Қазіргі уақытта курьерлердің табысы 246 мыңнан 334 мың теңгеге дейін жетеді",– деді Карим Богуспаев.

Форум  кәсіпкерлерді қолдауға арналған Business Bilim білім беру жобасының қорытынды шарасы болды. Оны Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Shell Kazakhstan компаниясы ұйымдастырды. Жоба жаңа маусымда жұмысын жалғастырады.

Серіктестер жаңалықтары