Тікелей эфир

Екі ғасырлық тарихы бар Кенесары ханның Құран кітабы Ясауи кесенесіне қойылады

Кенесары ханға бұл кітапты Марал Ишан сыйлаған болатын.

Мемлекет басшысы екінші Ұлттық құрылтай кезінде Марал ишанның Құран кітабы Қазақстанға қайтарылғанын хабарлады. Кітап Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табыс етіліп, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылады. 

"Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қояды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құран кітап жуырда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасына табыс етіледі. Кейін ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойылады.


Оқи отырыңыз: Президент "Ясауитану" ғылыми орталығын немесе институтын құруды ұсынды


"Бұл – бүкіл елге ортақ қазына. Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан, Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік", – деді президент. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары