Тікелей эфир

Экономист: Қазақстанда дәретхана қағазын да бөліп төлеумен сатып алуға болады

Тұтынушылық несиенің көбі отандық өндірісті емес, импортты ынталандырады, дейді Ғалым Құсайынов.

Экономист Ғалым Құсайынов бөліп төлеу сег­менті мен маркетплейс алаң­дары жеткі­лікті реттелмегенін айтады. Содан да азаматтар үшін несиемен күн көру қа­лыпты жағдайға айналған. Алайда, тұ­тынушылық несиенің көбі отандық өн­дірісті емес, им­портты ынталандырады. 

"Бізде тек көлікті ғана емес, дәретхана қағазын да бөліп төлеумен сатып алуға болады. Қарызға тамақтану, қарызға азық-түлік алу, тіпті қарызға шетелге саяхатқа шығу қатты белең алды. Бұл зерттелмеген тақырып болғандықтан, халық оны пайызсыз берілген дүние деп қабылдайды. Банктің пайыздық маржасы тауар бағасына бекітілгеніне ешкім назар аудармайды. Егер бұл Үкімет пен Ұлт­тық банк тарапынан зерделенбесе, банк­тер мен халыққа қызмет көрсету сегментінің монополиясы ешкімге ырық бермей кетуі бек мүмкін", – деді экономист "Егемен Қазақстан" басылымындағы мақаласында

Ғалым Құсайынов халық­тың банк алдындағы қарызын ІЖӨ үлесімен салыстырып қарау дұрыс емес деген пікірді қолдайды. Оның түсіндурінше, ІЖӨ – халық табысының жаһандық деңгеймен салыстырғандағы көрсеткіші. Ол шикізат көздерінен алынған табысқа негізделген және ең алдымен ортақ табысқа басымдық беріледі. 

"Дамыған елдердегі несиенің үлесінде ұзақ мерзімге берілетін ипотека мен автонесие басым. Ал бізде тұтыну несиелерінің үлесі басым. Оның өтеу мерзімі дамыған елдермен салыстырғанда қысқа. Ипотека мер­зімі – 20 жыл, тұтынушылық несие – 3 жыл. Ай сайынғы төлемге түсетін жүктеме бізде 7 есеге дейін көп. Халық табысы несие шартында көрсетілген міндеттемелерді өтеуге жетпейді. Несие қаражатының өте үлкен бөлігі импорттық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалады, осылайша валюта бағамына қысым жасалады. Бұл инфляцияға әсер етеді, өйткені теңгенің құнсыздануы импорттың құнын арттырады, демек инфляцияға әкеледі", – деді экономист. 


Оқи отырыңыз: Экономист бизнесті субсидиялаудан не үшін бас тарту керегін түсіндірді


 

Серіктестер жаңалықтары