Павлодар облысының Екібастұз қаласында сәбиін көтеріп тұрған әйелді "Газель" көлігі қағып кетті. Зардап шеккен әйел ауруханаға жатқызылып, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Павлодар облыстық полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 24 мамыр күні болған.
ГАЗ автокөлігінің жүргізушісі артқа жүріп келе жатып, тротуарда тұрған әйел мен оның баласын қағып кеткен. Оқиғадан кейін зардап шеккен әйел жедел түрде медициналық мекемеге жеткізілді.
"Полиция жаяу жүргінші зардап шеккен жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Автомашина мамандандырылған тұраққа қойылды. Зардап шегуші қалалық ауруханаға жеткізілді", – деп хабарлады полиция департаменті.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел алғашында реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылған.
"Пациент реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы тұрақталғаннан кейін травматология бөлімшесіне ауыстырылды. Қазір жағдайы тұрақты, орташа ауыр дәрежесінде, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция қылмыстық іс аясында барлық қажет процессуалдық шараларды қолға алған.