Америкалық Дьюк университетінің ғалымдары "семіздіктің негізгі себебі – адамның аз қимылдауы" деген түсінікті жоққа шығарды. Бұл туралы биыл шілдеде жарияланған зерттеуде жазылған.
Ғалымдардың айтуынша, калорияны жағу жылдамдығында әртүрлі өмір салтын ұстанатын адамдар арасында аса айырмашылық жоқ. Бұл семіздіктің негізгі себебі – артық тамақтану мен жоғары калориялы тағамдар екенін көрсетеді.
Зерттеуге 34 ел мен мәдениеттен 4213 адам қатысқан. Олардың арасында аңшылар мен жер шаруашылығымен айналысатын, семіздік деңгейі төмен халықтардан бастап, артық салмақ жиі кездесетін АҚШ пен Еуропа тұрғындары да бар. Ғалымдар күнделікті калория тұтынуды, физикалық белсенділікке жұмсалатын энергияны, негізгі зат алмасу жылдамдығын және олардың дене салмағы индексі мен май пайызына әсерін салыстырған.
Барлық көрсеткіштерді саралай келе, ғалымдар семіз адамдар арық қатысушыларға қарағанда сәл ғана аз калория жағатынын анықтады. Бұл айырмашылық бүкіл әлемдік семіздік деңгейін түсіндіруге жеткіліксіз.
Зерттеу авторы, профессор Герман Понцердің айтуынша, адам ағзасы бейімделгіш қасиетке ие. Физикалық жүктеме артқанда, ағза энергияны басқа процестерден үнемдей бастайды. Сол себепті калория жағу деңгейі белсенді өмір салтын ұстанатын және отырықшы адамдарда шамамен бірдей болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда семіздік дертіне шалдыққан балалар күрт артқан
Бұл жаңалықтан шығатын маңызды қорытынды: қазіргі заманда артық салмақтың басты себебі – қозғалыс жетіспеушілігі емес, дұрыс тамақтанбау болып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі әр сегізінші адам семіздікке шалдыққан. Қазақстанда да жағдай алаңдатарлық. Қазақ тағамтану академиясының зерттеуіне сәйкес, артық салмақ әйелдердің 29,7%-ында, ерлердің 33,9%-ында байқалады; семіздік – әйелдердің 25,8%-ында, ерлердің 15,3%-ында кездеседі. Жалпы, елдегі ересек тұрғындардың жартысынан астамы артық салмаққа ие.
"Америкалық ғалымдардың зерттеуі семіздіктің табиғатына деген көзқарасты өзгертеді. Физикалық белсенділік жүрек, қан тамырлары мен зат алмасу үшін маңызды, бірақ егер тамақ мөлшері шамадан тыс болса, ол артық салмақ мәселесін шешпейді. Негізгі фактор – тепе-теңдік: тұрақты жаттығу, дұрыс тамақтану және өнім сапасын бақылау. Мұндай тәсіл семіздік пен онымен байланысты жүрек-қан тамыр ауруларының қаупін азайтады", – деді дәрігер, "Денсаулық" ұлттық қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің төраға орынбасары Гинтаутас-Юозас Кентра.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59