1 мамырға дейін "Дипломмен – ауылға" жобасының қатысушылары "Отбасы банктің" клиенті болуы маңызды, – деп хабарлайды "Отбасы банктің" баспасөз қызметі.
Банк клиенті атанған несие шарттары бойынша заемдарын төлеуді жалғастыра береді. "Отбасы банкке" тіркелу үшін:
- Otbasy bank мобильді қосымшасын жүктеп алып, оны ағымдағы шот пен депозит ашу үшін пайдалану;
- ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалу;
- жақын жердегі банк бөлімшесіне немесе кеңес беру орталығына хабарласқан жөн.
Оқи отырыңыз: "Ауыл – ел бесігі" мен "Дипломмен ауылға" жобалары қажет пе?
"Дипломмен – ауылға" жобасы басталғалы бері 38 мың қазақстандық бюджеттік несие алған.
"Несиелерге қызмет көрсетуді жалғастыру үшін қарыз алушылар Отбасы банкінен ағымдағы шот ашуы керек. Клиенттердің келісімінсіз өз бетімізше ашуға құқығымыз жоқ. Банктен шот ашқан кез келген клиент екінші деңгейлі банктен шотын толықтырып, сол арқылы несиесін өтей алады, – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
"Дипломмен – ауылға" жобасына тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие беру және көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған.
Оқи отырыңыз: "Дипломмен ауылға" жобасына өтінішті енді онлайн беруге болады
Жобаға ауылдық жерлерге енді ғана келген және онда бірқатар кәсіптер бойынша жұмыс істейтін кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда) жатады.
Қарыздың ең жоғары сомасы 1500 АЕК-ке дейін беріледі. Ал кредит бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01%–дан басталады). Жоба аясында берілетін қарыз маманға жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.
"Дипломмен ауылға" жобасы бойынша өтінімдерді қабылдаудың басталатын күнін банк қосымша хабарлайды.