Тікелей эфир

"Ауыл – ел бесігі" мен "Дипломмен ауылға" жобалары қажет пе?

Мәжіліс депутаттары бұл жобаларды қайта қарауды ұсынды.

Amanat партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында "Ауыл – ел бесігі" және "Дипломмен  ауылға" жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.

Комитеттің мәліметінше, "Дипломмен ауылға" жобасы іске қосылған 12 жылдың ішінде 85 мыңнан астам маман 14,1 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алған.  Ал 40 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алу үшін 123,5 млрд  теңге көлемінде бюджеттік несие берілген.

"Жергілікті жерлерде денсаулық сақтау, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар мен әкім аппараты қызметкерлерінің  жетіспеушілігі байқалады. Экологтар, аспазшылар, дәнекерлеушілер, механизаторлар бір сөзбен айтқанда, кәсіптік-техникалық білімі бар мамандар қажет. Алайда, олар жобаның тізіміне кірмейді. 2020 жылы ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері тізімге кірді. Алайда олар аудан әкімдігінің мамандары туралы ұмытып кеткен көрінеді", – деді комитет мүшесі, мәжіліс депутаты Мәди Ахметов.


Оқи отырыңыз: "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына 90 млрд теңге бөлінген. "Неге бір қағаз жарты жыл мақұлданады?"


Ол "Дипломмен ауылға" жобасына қатыспайтын моноқалаларға тоқталды.  Ол облыс орталықтарынан және басқа да ірі қалалардан 500 км-ден астам қашықтықта орналасқан Державинск және Мамлютка қалаларындағы жағдайды мысалға келтірді.

"Бұл қалаларда "Дипломмен ауылға"  жобасына қатысуға мүмкіндік жоқ.  Жас мамандарға көтерме жәрдемақы төленбейді және тұрғын үйге бюджеттік несиелер берілмейді. Сондай-ақ, жалақы жақын маңдағы ауылмен салыстырғанда 25%-ға аз. Осылайша азаматтардың тең мүмкіндіктері қағидаты жоғалады", – деді Мәди Ахметов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары