Құрбан айт мейрамының қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қалалық жерде құрбан шалудың мәдениеті жайында түсініктеме берді. Құрбан шалғанда тазалық пен қауіпсіздік талаптарын сақтау – басты шарттардың бірі.
Арнайы белгіленген орындарда құрбан шалу. ҚМДБ тарапынан жыл сайын ұлық мереке қарсаңында барлық өңірлерде арнайы брифинг өткізіліп, жергілікті әкімдіктермен бірлескен түрде құрбан шалуға арналған орындар белгіленеді. Қалада арнайы белгіленген орындарда мал сою – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Осындай жерлерде санитарлық талаптар сақталып, ветеринарлық бақылау жүргізіледі және қалдықтарды жою жүйесі жолға қойылған.
Ал көпқабатты үйлердің аулаларында немесе бейімделмеген жерлерде мал сою – қоғам талабына да, Ислам әдебіне де қайшы.
Тазалық және экологиялық жауапкершілік. Қан, ішек-қарын және басқа да қалдықтарды бейберекет тастауға болмайды. Олар міндетті түрде арнайы орындарға жиналып, тиісті тәртіппен жойылуы қажет. Бұл – тек санитарлық талап емес, шариғаттың да маңызды қағидаларының бірі.
Қоғамдық тәртіп және көршілік әдеп. Құрбан шалу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндеттердің бірі. Басқаларға кедергі келтірмеу және қоғамдық орындарды ластамау – мұсылман әдебінің ажырамас бөлігі.
Әсіресе көпқабатты үйлердің маңында немесе адамдар көп жүретін қоғамдық жерлерде құрбан шалудан аулақ болу керек. Бұл – өзгенің құқығын құрметтеудің нақты көрінісі.
Құрбан етін үлестіру әдебі. Құрбандықтың етін ұзақ сақтамай, мүмкіндігінше тез таратқан дұрыс. Әсіресе ауа райы ыстық кезде ет тез бұзылып кетуі мүмкін. Бұл жерде ең бастысы – ниет. Құрбандық шалу – мақтану немесе көрсету үшін емес, шынайы ықыласпен жасалуы тиіс.
Мұқтаж жандарға құрметпен қарап, олардың абыройын сақтай отырып көмек көрсету – ислам әдебінің көрінісі.
Онлайн құрбандық – уақыт талабы. Қазіргі таңда құрбан шалудың онлайн түрі де кеңінен дамып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн құрбан шалуға тапсырыс беруге болады. Бұл қызмет арқылы құрбандық шариғат талаптарына сай арнайы орындарда орындалып, бейнетүсірілім тапсырыс берушіге жіберіледі. Ал еттері мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Бұл – уақыт талабына сай, ыңғайлы әрі сенімді жолдардың бірі.

