Депутаттар қарт ата-анасына қарамаған балаларды алимент төлеуге мәжбүрлеуді ұсынды. Үкімет жауабы қандай

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Заң бойынша, алимент өндіріп алу құқығы қарт адамның жеке шешіміне байланысты жүзеге асырылады.

Үкімет басшысының орынбасары Ермек Көшербаев ата-анасын қараусыз қалдырған балаларды алимент төлеуге міндеттеу бойынша депутаттардың ұсынысына жауап берді. 

Депутаттар бұл ретте мұндай балалардың есепшотына түскен жалақысының 50 пайызын алып қою туралы бастама көтерген болатын. Олар Неке, ерлі-зайыптылық және отбасы туралы кодексіндегі "Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті" және "Балаларынан алимент өндіріп алуға құқылы, ол сот тәртібімен алынады" деген баптардың ерікті түрде жүзеге аспайтынын алға тартып, оны мәжбүрлеу арқылы шешу керектігін айтқан. 

Дегенмен, Ермек Көшербаевтың жауабына сәйкес, бұл мәселе тек қарт адамның жеке шешіміне байланысты жүзеге асырылуы тиіс. Сәйкесінше, мәжбүрлеу заңға қайшы болмақ. 


Оқи отырыңыз: Зейнетақының 70 пайызы ұсталады. Қарттар үйінің тұрғындары мұны неге әділетсіз деп санайды


Үкімет басшысының орынбасары, сондай-ақ 70-жастан асқан қарт адамдардың жылжымайтын мүлкін басқа адамның атына рәсімдеуге тыйым салуға қатысты ұсынысқа да жауап берді. 

"Конституцияға сәйкес азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстауға құқығы бар және соттың шешімісіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Азаматтық кодекс бойынша меншiк иесiнiң өз мүлкiн иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы бар. Осыған орай, жылжымайтын мүлкін басқа адамдардың атына рәсімдеуге шектеу қою азаматтық құқықтың негізін бұзатының Әділет министрлігі айтып отыр. Себебі, ол өз қалауымен өзінің мүлкін сатуға, алмастыруға, сыйға тартуға тағы да басқа әрекеттер жасауға кедергі болады", – деп жауап берді Ермек Көшербаев. 

Серіктестер жаңалықтары