Қазақстан халықтық партиясының депутаттары "Отбасы банкі" азаматтардың алғашқы салымдарына да пайыз қосып отырғанына наразы болды.
Мәжілісмен Ислам Сұңқар депутаттық сауалында 15 ақпаннан бастап "Отбасы банкі" аралық несие беру шарттарын өзгерткенін еске салды. Банк бұл шешім қазақстандықтарды ұзақ және тұрақты түрде ақша жинауға үйрететінін алға тартты.
"Несие берудің осындай шарттары жасалған, клиент тұрғын үй құнының 50%-ын дереу әкелгеніне немесе оның депозитке жинаған ақшасына қарамастан, банктің сыйақысы несие сомасының 100%-ы бойынша есептеледі. Осы орайда сұрақ туындайды: азаматтарға өз ақшасын қарызға, сонымен қатар өсіммен бірге беру және оның үстіне пәтердің толық құнына қарай банк комиссияларын алу қаншалықты әділетті?" – деді Ислам Сұңқар.
Оның айтуынша, салымшылардың наразылығына банктің өзі клиент салған сома депозитте және несиенің кепілі болып саналатыны туралы күрделі түсініктемелер береді. Бұл сома клиентке табыс әкелетін депозиттер бойынша сыйақы мен мемлекет сыйлықақысын есептеуге пайдаланылады.
Депутат мұның "қаржылық қулықтан" басқа ештеңе емес екенін атап өтті.
"Шарттар бойынша бұл депозиттің сыйақы мөлшерлемесі жылына небәрі 2 пайызды құрайтынын көріп отырмыз, ал мемлекеттік сыйлықақы 200 АЕК-тен аспайтын шектеулі сомаға есептелінеді. 2023 жылға меншікті капитал бойынша кірісті арттыру бойынша қазақстандық ірі банктердің арасында "Отбасы Банк" көш бастап тұр. Өсім 87,9% – 107,5 млрд теңгені құрады. Дегенмен, бұл қарапайым инвесторларға ешқандай әсер етпейді. Сондықтан, екінші әділ сұрақ туындайды – түптеп келгенде кірісті кім алады? Банк немесе Қазақстан азаматтары? Біз банктің клиенттердің депозиттегі ақшасын төмен мөлшерлемемен пайдаланып, миллиардтаған табыс тауып, оны клиентке бермей, өз қалауы бойынша пайдалануын әділетсіздік деп санаймыз", – деді Ислам Сұңқар.
Оқи отырыңыз: "Төрт баласы бар аналарға ерте зейнеткерлікке шығу құқығы берілмейді". Вице-премьер депутат сауалына жауап берді
ҚХП депутаттары мыналарды ұсынды:
- Екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақтарына лицензия беру мүмкіндігін қарастыру. Сонда клиенттер банктер ұсынатын ең жақсы шарттарды таңдай алуы үшін елге депозиттер мен несиелер бойынша бәсекелестік қажет.
- Кейіннен сатып алуға болатын жалға алуды көздейтін исламдық ипотеканы беретін банктерге тұрғын үй заемдарын беруге қатысуды қамтамасыз ету.
- Елімізде нақты нормативтік ережелері бар несие және тұрғын үй құрылыс жинақ кооперативтерін құру мүмкіндігін қарастыру.