Тікелей эфир

Денсаулық сақтау министрлігі су басқан өңірлерде ішек инфекциясы таралып жатқанын жоққа шығарды

Барлық объектілерде СЭС органдары ауыз сумен жабдықтауды бақылауды күшейтті.

Денсаулық сақтау министрлігі кейінгі күндері мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған су басқан аумақтарда инфекциялық аурулардың өршу қаупі, эпидемиологиялық қызмет тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі туралы аудио және бейне форматтағы хабарламалардың жалған екенін мәлімдеді.

"Ауыз суда ішек инфекцияларының пайда болу жағдайлары бойынша жалған ақпарат таратылып жатыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Су тасқыны жағдайына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің (СЭС) жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды. Инфекциялық сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, су тасқыны кезеңіне тән нозологиялар бойынша инфекциялық сырқаттанушылықты тіркеу көрсеткіші өткен жылдардың орташа республикалық көрсеткішінен (2022-2023 жылдар) аспайды", – делінген хабаралмада.

Барлық объектілерде инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында СЭС органдары ауыз сумен жабдықтауды бақылауды күшейтті.

Министрлік эпидемиологиялық жағдай туралы сенімді ақпарат алу үшін ресми дереккөздерге, Денсаулық сақтау министрлігіне, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, жергілікті жерлердегі Денсаулық сақтау басқармасына хабарласуды сұрайды.

Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқыны жағдайына байланысты тағамнан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында мыналарды ұсынады:

  • ⁠Ішу және тамақ пісіру үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдаланыңыз;
  • ⁠Су басу орындарында бұлақтардан, құдықтардан және ұңғымалардан су ішпеңіз;
  • ⁠Су тасқынына малынған тамақ өнімдерін пайдаланбаңыз, мүмкіндігінше оларды кеміргіштер мен су тасқыны үшін қол жетпейтін жерлерде сақтаңыз;
  • ⁠Тамақ ішер алдында, дәретханадан, серуендеуден, тамақ дайындаудан кейін қолыңызды сабынмен жуыңыз;
  • ⁠Су тасқынынан кейін барлық бөлмелерді дезинфекциялық ерітінділермен өңдеңіз;
  • ⁠Егер жұқпалы аурулардың белгілері болса (дене температурасының жоғарылауы, жүрек айну, құсу, нәжістің босауы, тамақ ауруы, бөртпе және т.б.), бұл туралы дереу медицина қызметкеріне хабарлау қажет.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары