Жаңа оқу жылы қарсаңында Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға мектеп рюкзагын таңдағанда оның салмағына ерекше назар аударуға кеңес берді.
Министрліктің мәліметінше, оқулықтар, дәптерлер және басқа да оқу құралдары салынған рюкзактың жалпы салмағы баланың дене салмағының 10%-ынан аспағаны жөн. Мысалы, егер оқушының салмағы 30 килограмм болса, толық жиналған мектеп сөмкесі 3 килограмнан ауыр болмауы керек.
Сондай-ақ мамандар бос рюкзактың салмағы 1 килограмнан аспауын ұсынады.
Министрлік оқушының жасына қарай оқу құралдарының мынадай салмағын ұсынады:
- 1-3 сынып – 2 келіге дейін;
- 4-5 сынып – 2,5 келіге дейін;
- 6-7 сынып – 3,5 келіге дейін;
- 8-11 сынып – 4,5 келіге дейін.
Ведомствоның айтуынша, мектеп сөмкесі жеңіл, баланың бойына сәйкес келетін және арқасына ыңғайлы орналасуға тиіс. Сонымен қатар рюкзак иыққа артық күш түсірмей, белден тым төмен салбырап тұрмауы қажет.