Тікелей эфир

"Дене қызуым түспеді". Елена Рыбакина "Ролан Гаррос" турнирін жалғастыра алмайды

Рыбакина турнирдің үшінші раундында WTA рейтингінде 132-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормомен ойнауы керек еді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы, WTA рейтингінде төртінші нөмірлі теннисші Елена Рыбакина "Ролан Гаррос" турнирін жалғастыра алмайды.

"Ролан Гарростың" үшінші раундындағы матчта Рыбакина WTA рейтингінде 132-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормомен ойнауы керек еді.

Әйелдер теннисі қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Елена респираторлық ауруға шалдығуына байланысты турнирді тоқтатамын деп шешкен. Бұл туралы Соррибес-Тормомен кездесу басталар алдында белгілі болды. Осылайша испандық теннисші 1/8 финалға шықты.

"Кеше мен өзімді нашар сезіндім. Температурам көтерілді. Таңертен жақсы болам ба деп едім, бірақ қазір де әлсіздік бар. Дене қызуым түспей жатыр. Мұндай жағдайда кортқа шығып ойнау қиын болады. Бапкерлермен ақылдаса келе жарыс жолынан шығуды жөн санадық", – деді Елена Рыбакина.

Оның айтуынша, аурудың белгілері – дене қызуы мен бас ауруы – екінші матчтан кейін сезіле бастаған.


Оқи отырыңыз: Елена Рыбакина кезекті WTA 1000 турнирін жеңіп, 521 мың евро табыс тапты


"Жолым болмады. Тезірек сауығып кетуге тырысамын. Жоспар бойынша Берлин, Истбурн және Уимблдонда ойнау болды", – деді теннисші.

Ролан Гарростың алғашқы екі раундында Елена Рыбакина Чехия спортшылары Бренда Фрухвиртова мен Линда Носкованы жеңді.

Серіктестер жаңалықтары