Декретке шыққан әйелдерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау тәртібі өзгеруі мүмкін

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Қазақстанда декреттік демалыс жүйесін қайта қарау ұсынылды.

Қазақстанда бала күтіміне байланысты мемлекеттік қолдау жүйесін өзгерту мәселесі қаралып жатыр. Үкімет бала туғаннан кейінгі алғашқы екі жылда көрсетілетін көмектің бір бөлігін балабақша орнымен немесе күтуші қызметімен алмастыру мүмкіндігін талқылауда, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Өзгеріс жұмыс істейтін әйелдердің бала күтімі бойынша демалыстан жұмысқа ертерек оралуына мүмкіндік беруге бағытталған.

Алматыда декреттік демалыста отырған Жәния Атейбекова жұмыс істейтін аналар үшін үш жыл бойы бала күтімімен отыру тиімді емес деп санайды. Оның айтуынша, қазіргі жәрдемақы күнделікті бала шығындарын толық өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан ол мемлекеттік қолдауды тек әлеуметтік төлеммен шектемей, баланы бөбекжайға орналастыру мәселесін шешу түрінде көрсетуді ұсынды. Алайда оның пікірінше, барлық баланы балабақшамен қамтамасыз ету әзірге қиын болуы мүмкін. Ол әсіресе мемлекеттік балабақшаларда үш жасқа дейінгі балаларға орын тапшылығы бар екенін атап өтті.

"50/50 болған дұрыс шығар. Басында тесттік режимде өткізіп, одан кейін көре жатады ғой. Меніңше, толық садикті қамтамасыз етіп бере алмайды үкімет. Өйткені қазір балабақша тапшылығы, орын жетіспеуі байқалады", – деді Жәния Атейбекова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда әйелдерге бала күтіміне байланысты еңбек демалысын беру тетігі қайта қаралып жатыр. ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Ерболат Абулхатиннің айтуынша, бұл бағытта қосымша балабақшамен қамту және бала күтіміне байланысты өзге де механизмдер қарастырылуда.

"Қазіргі таңда әйел азаматтардың бала күтіміне еңбек демалысын беру мәселесі пысықталуда. Оның механизмін қайта қарау, осыған байланысты оларды қосымша балабақшамен қамту және балалардың күтіміне байланысты басқа да механизмдер қаралып жатыр", – деді ол.

Сонымен қатар Қазақстанда ер адамдардың да бала күтіміне байланысты демалысқа шығуына мүмкіндік бар. Қазір Үкімет бұл мүмкіндіктің тиімділігін де зерттеп жатыр. Әзірге ұсынылып отырған өзгерістер жәрдемақы көлемінің қысқаруына немесе декреттік демалыстың ең ұзақ мерзімінің азаюына әкелетіні нақты айтылған жоқ.

Декреттік демалысқа қатысты өзгерістер әлеуметтік көмек жүйесін реформалау аясында қарастырылып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау