Тікелей эфир

Дәрігер қателігі үшін тағайындалатын жазаны жеңілдету ұсынылды

Адам өлімі болған жағдайда 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу мерзіміне ауыстыру көзделіп отыр.

Денсаулық сақтау министрлігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі.

"Медицина – бұл білім-ғылыми сала, көп жағдайда аурулардың қалыпсыз, типтік емес симптомдарымен жүреді, ал аурудың салдарын, нәтижесін көбінесе болжау мүмкін емес. Медицина қызметкерлерінің практикалық қызметі қоғамның игілігі үшін үнемі қауіп-қатермен байланысты мамандықтарға жатады, күрделі және жауапты, бірақ өкінішке қарай, бұл ауыр еңбек көп бағаланбай отыр", – деді министр Ажар Ғиният.

Сондықтан да министрлік пациенттердің зиянды өтеу құқықтарын іске асыру үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізуді жоспарланып отыр.

"Бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді және жалпы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне ықпал етеді", – деді министр.


Оқи отырыңыз:


Заң жобасында Қылмыстық кодекстің 317-бабына, яғни "Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы" туралы бапқа бірқатар өзгеріс енгізу ұсынылған. Атап айтқанда:

  • Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірген жағдайда: айыппұл мөлшерін 200 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін,қоғамдық жұмыстарға тарту мөлшерін 200 сағаттан 100 сағатқа азайту, қамаққа алу жазасын 50 тәуліктен 30 тәулікке азайту;
  • Денсаулыққа ауыр зиян келтірген жағдайда: бір жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып немесе онсыз, 3000 АЕК мөлшеріндегі айыппұлды 2000 АЕК-ке дейін, түзеу жұмыстарына не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 2 жылға төмендету;
  • Адам өлімі болған жағдайда: белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 4 жылға дейін бас бостандығын шектеу мерзіміне ауыстыру;
  • Екі немесе одан да көп адамның қайтыс болған жағдайда: белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын 6 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасына ауыстыру;
  • Басқа адамға АИТВ жұқтырған жағдайда: белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасын 5 жылға дейінгі шектеумен толықтыру ұсынылып отыр.

"Бұл байқаусызда болған жағдайларға қатысты жауапкершіліктер. Ал ісіне салғырт қарауына байланысты істердің жауапкершілігі бөлек", – деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар заң жобасында пациенттерді сақтандыру төлемінің мөлшері ұсынылған. Пациенттің өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян үшін:

  • өлім – 1000 АЕК;
  • бірінші топтағы мүгедектік – 800 АЕК;
  • екінші топтағы мүгедектік – 600 АЕК;
  • үшінші топтағы мүгедектік – 500 АЕК;
  • мүгедек бала – 500 АЕК;
  • мертігуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектік белгіленбеген өзге де зақымдануына – пациентті амбулаториялық немесе стационарлық емдеуге іс жүзіндегі шығыстар мөлшерінде – 300 АЕК.

Заң жобасын жұмыс тобы талқылап, мәжіліс қарауына ұсынады. 

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары