Қазақстанда Dance Your Style халықаралық көше биі жарысының жаңа маусымы басталады. Биылғы маусым 6 шілдеде Астанада және 8 тамызда Алматыда өтетін іріктеу кезеңдерімен басталып, 30 тамызда Қарағандыда ұйымдастырылатын ұлттық финалмен қорытындыланады. Жеңімпаз Қазақстан атынан әлемдік финалға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Dance Your Style – дәстүрлі төрешілерсіз өтетін халықаралық 1х1 форматындағы би жарысы. Бұл сайыста баттл жеңімпазын кәсіби қазылар емес, көрермендер анықтайды. Сондықтан қатысушылар үшін би техникасымен қатар сахнадағы харизма, импровизация және көрерменмен байланыс орнату қабілеті ерекше маңызға ие.
Соңғы жылдары қазақстандық бишілер халықаралық деңгейде өз шеберлігін дәлелдеп келеді. 2024 жылы Rufina Lu Мумбайда өткен әлемдік финалда Қазақстан намысын қорғап, ерекше стилі мен өнерімен көрермендердің ықыласына бөленді. Ал 2025 жылы ұлттық финалда Дәурен Айжарықов (Darren Pop) жеңіске жетіп, әлемдік финалға жолдама алған болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2026 жылғы маусым жаңа таланттарды танытып, қазақстандық көше биінің әлеуетін тағы бір мәрте көрсетуге мүмкіндік береді. Астана мен Алматыдағы іріктеу кезеңдерінде үздік шыққан бишілер Қарағандыдағы ұлттық финалда бас қосып, әлемдік додаға берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.
Ұлттық финал тек жарыспен шектелмейді. 30 тамызда Қарағандыда өтетін кеште көрермендерді ауқымды шоу-бағдарлама күтеді. Финалдың басты қонақтарының бірі – Alpha музыкалық ұжымы. Олардың өнер көрсетуі кештің атмосферасын ерекше етіп, шараны ірі мәдени оқиғаға айналдырмақ.
Биылғы әлемдік финал 24 қазанда Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді. Әлемнің әр еліндегі ұлттық кезеңдерге танымал өнерпаздар да қатысып жатыр. Мәселен, Таиландтағы финалда әнші MILLI өнер көрсетсе, Оңтүстік Кореядағы жобаға CORTIS қатысады.

