Bilim Media Group басшысы Рауан Кенжеханұлы Coursera курстарын қазақ тіліне аударудың пайдасын және төлем тәртібін түсіндірді. Оның жазуынша, платформа курстарын 200 мемлекеттің бәріне аударып бере алмайды. Бұл міндетке жергілікті серіктестер жауапты.
"Қазақстан халқына" қорының талабы бойынша, Coursera біздің университеттер іріктеп алған 654 курстың авторлық құқықтарын Ғылым және жоғары білім министрлігіне беруге келісті. Әр курсты дайындап шығару құны – орташа есеппен алғанда 50 мың доллар. Курстар саны мен оны әзірлеу жұмысының ауқымын ескерсек, Coursera-ның оқыту контенті мен авторлық құқығы жалпы 32,7 млн долларды құрайды. Бұл қаржыны ешкім ешкімге төлемейді. Бұл – Coursera-ның осы жобаға контент және авторлық құқық түрінде жасаған инвестициясы. Оны қайтаруға мемлекет міндеттенген жоқ", – деп түсіндірді ол.
Рауан Кенжеханұлы Coursera лицензиялары үшін қазақстандық университеттерге 40 пайыз, "Қазақстан халқына" қорына 75 пайыз жеңілдік жасағанын атап өтті. Ал қалыпты лицензия құны жылына 400 доллар тұрады.
Оқи отырыңыз: Coursera платформасындағы 50 курс қазақ тіліне аударылды
"Қазақстан халқына" қоры үшін 100 долларға дейін төмен баға қойылды. Дәл мұндай серіктестік талаптары бұрын-соңды өзге мемлекеттермен болмаған. Бұл жоғары білім саласына үлкен өзгеріс әкелетін қадам. Мәселен, "Болашақ" бағдарламасы арқылы 30 жылда 12 мың студент оқыттық. Ал Coursera арқылы сол алдыңғы қатарлы оқу орындарының 650-ден аса курсы қазақ тіліне аударылып, аймақтық оқу орындарының 20 мың студентіне қолжетімді болады", – деп жазды Рауан Кенжеханұлы.
"Қазақстан халқына" қоры Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұсынысымен "Coursera қазақ тілінде" жобасын қарастырып, 654 курсты қазақ тіліне аудару және 25 өңірлік жоғары оқу орнының 19 300 студентіне осы курстардан өту мүмкіндігін беруге келісті. Бұл 25 университетте 155 мыңнан аса студент оқиды. Олар лицензияны Coursera-ның өзінен тікелей жылына 100 доллар немесе айына 8 долларға алады.
"Курстарды бір лицензия негізінде бір жылда бірнеше студент кезекпен оқи алады. Бір лизенция арқылы оқитын студенттер саны таңдалған курстарға байланысты болады. Мысалы, курстан өту ұзақтығы 3 ай болса, бір жыл ішінде 4 студент платформаны пайдаланады", – деп түсіндірді Рауан Кенжеханұлы.
Оның жазуынша, платформада барлық сала мен бағытты қамтитын жалпы саны 10 мыңнан аса курс бар. Қазақстандағы жоғары оқу орындары барлық курстың ішінен академиялық талаптарға сәйкес 900-ден аса курсты таңдап алған. Бұдан кейін жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестігі аударылуы тиіс курс санын 654-ке дейін қысқартқан.