Тікелей эфир

Бюджеттен 826 млн теңге бөлінген: Өскемен іргесінде алты жыл жарықсыз отырған 500 отбасы шағымданды

Әкімдіктегілер баспаналардың қыркүйек айында қосылатынын айтады.

Өскемендегі Ахмирово шағын ауданының тұрғындары алты жылдан бері жарықсыз отырғанына шағымданды. Айтуларынша, үйлерінде тұрмыстық техника мүлдем жоқ, ал жергілікті билік жыл сайын берген уәдесін орындамайды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Тоңазытқыш істемейді, барлығы ашып кетеді. Үйде кішкентай баламыз бар. Тамақты газға істейміз, ыстық су ақпайды. Су тастай, қыстыгүні үй суық болады. Баламды да шомылдыра алмай отырмын", – деді Ахмирово шағын ауданының тұрғыны Мереке Дүйсекенова. 

Ал халықпен кездесуге келген жергілікті әкімдік өкілдері электр жарығы жақын арады қосылады деп тағы уәде етті.

"10 қыркүйектен бастап көшелердегі электр сымдарын дайындау қажет. Бұдан кейін тұрғындармен келісімшарт жасау керек. Өйткені халық күтіп қалмауы тиіс. Барлығы келісімшартқа отырады. Жаңа электр жүйелері, жаңа келісімшарт болады", – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Арман Ысқақов. 


Оқи отырыңыз: Петропавлда үйлері сүрілетін тұрғындар әкімдік уәде еткен жаңа пәтерді ала алмай жүр


Былтыр осы шағын ауданды электр жүйесімен жабдықтауға республикалық бюджеттен 826 миллион теңге бөлінген. Мердігер жұмыстарды жарты жыл бұрын аяқтауы тиіс еді. Енді әкімдіктегілер бұл баспаналар жарыққа қыркүйек айынан қосылатынын айтады. Ал жанын шүберекке түйіп отырған жұрт бұл уәдеге сенімсіздікпен қарайды. Оған дейін қар түсіп кетпесе екен деп тілеп отыр. 

Серіктестер жаңалықтары