Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2025 жылы мыңдаған отбасы баспаналы болғанын мәлімдеді.
"Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды. Біз қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық беріп келеміз. Биыл шалғай елді мекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатқанын айта кетті. Былтыр агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартылған.
"Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен "ұзақмерзімді" қаражат алу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай қадам ауыл шаруашылығы саласын жаңғыртуға ықпал еткені сөзсіз. Осындай шаралардың арқасында агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жалпы өнім құны шамамен 10 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш", – деді президент.