Алматы қаласында бұрынғы әйелінің қыр соңынан қалмай, қудалаған ер адам ұсталып, жазаға тартылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
ПД мәліметінше, алматылық әйел бұрынғы жұбайының қудалауына байланысты полицияға арызданған.
"Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында күдіктінің заңға қайшы әрекеттерін дәлелдейтін айғақтар жиналып, ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін іс материалдары сотқа жолданды. Сот шешімімен күдіктіге пробациялық бақылау белгіленіп, 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды", – делінген хабарламада.
Жәбірленуші өз өтінішінде полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жедел әрекетіне алғыс білдірген.
Оқи отырыңыз: "Бұрынғы жұбайын қудалап, қорқытқан". Алматыда "сталкинг" бабы бойынша алғашқы сот үкімі шықты
"Полицияның дер кезінде әрекет етуінің арқасында қудалау тоқтатылып, өміріме тыныштық қайта оралды", – делінген оның өтінішінде.
Елдос Бақбергеновтің айтуынша, азаматтардың жеке қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайына нұқсан келтіретін кез келген қудалау әрекетіне құқықтық тұрғыда қатаң баға беріледі.