Алматы қаласында азаматтарды қасақана қудалау мен психологиялық қысымнан қорғауға бағытталған қылмыстық кодекстегі "сталкинг" бабы бойынша алғашқы сот үкімдерінің бірі шығарылды, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Сотта анықталғандай, ер адам отбасылық қарым-қатынас тоқтатылғаннан кейін бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қудалаған.
"Ол жәбірленушінің жүріп-тұруын бақылап, жеке өміріне заңсыз араласқан, еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан және қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдаған. Сонымен қатар жұмыс орнында және қоғамдық орындарда жанжал шығарған. Бұған дейін күдіктіге қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда ол құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатпаған. Соның салдарынан жәбірленуші тұрақты түрде үрейде өмір сүріп, бірнеше рет тұрғылықты мекенжайын және жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болған. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға қайта-қайта жүгінген", – делінген хабарламада.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлем өндірілді.
Оқи отырыңыз: "Жәбірленушінің үйі мен жұмысына барған". Шымкентте сталкингке байланысты екі күдікті ұсталды
Алматы қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Мұхамедәлі Сейсенұлының айтуынша, сталкинг – тұрмыстық жанжал немесе жеке келіспеушілік емес, адамның қауіпсіздігіне, тыныш өмір сүру құқығына және жеке өміріне қол сұғылмауына тікелей қауіп төндіретін қылмыстық әрекет. Оның сөзіне қарағанда, бұл үкім жаңа норманы қолдану тәжірибесіндегі маңызды шешімдердің бірі болып саналады және жүйелі қудалау мен психологиялық қысымның қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін көрсетеді.
Полиция азаматтарды мұндай жағдайларға төзбеуге және дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырды.