"Бұрын-соңды мұндай көп түзету болмаған". Мәжіліс үкіметтің жұмысын сынға алды

Фото: Үкімет
Фото: Үкімет
Мәжіліс төрағасының орынбасары бюджетті орындауға қатысты бірқатар мәселені атап өтті.

Мәжілісте үкімет пен жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері таныстырылды.

"2024 жылғы республикалық бюджет орындалды. Оның орындалуы күрделі экономикалық жағдайларда жүзеге асырылды. Үкіметтің негізгі міндеті – бюджетті сапалы қалыптастыру, тиімді орындау және әкімішілендіру. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бюджетті іске асыру әрдайым оны тиімді орындаумен қатар жүре бермейді. Өкінішке қарай, депутаттық корпус бюджетті орындау кезінде үкімет тарапынан жол берілетін проблемалар туралы үнемі айтып келеді. Бұл тіпті үйреншікті жағдайға айналды", – деді мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева.

Мәжіліс төрағасының орынбасары бюджетті орындауға қатысты бірқатар мәселені атап өтті:

  • Біріншіден, дефицит көлемі едәуір үлкен, ол жылдан жылға өсіп жатыр және бюджет кірісі есебінен емес, Ұлттық қордан берілетін трансферт есебінен жабуға алып келуде. 
  • Екіншіден, мемлекеттік қарыз мөлшері ұлғаюда. 2024 жылда да солай болды. Мемлекеттік қарыз 2023 жылмен салыстырғанда 17 пайызға өсті. 
  • Үшіншіден, тиімсіз пайдаланған қаражат көлемі жоғары деңгейде қалып отыр. Жоғары аудиторлық палатаның деректері бойынша 2024 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджеттік қаражат пен активтер көлемі екі есеге жуық өсті. 2023 жылы 250 млрд теңге болса, 2024 жылы – 475 млрд теңге. Анықталған бұзушылықтардың жалпы көлемі 862 млрд теңге болды. 

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылдың ішінде бюджет 12 рет түзетілген. Депутат бұрын-соңды мұндай көп түзетулер болмаған деп отыр.

Серіктестер жаңалықтары