Мемлекет басшысының айтуынша, бірінші атом электр станциясын салу – ауқымды жұмыстың басы ғана. Бәсекеге қабілетті әрі дербес атом индустриясын қалыптастыруға күш салған жөн. Сонда біз энергетикалық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмаймыз.
"Қазір Атом энергиясы жөніндегі агенттік осыған қатысты стратегиялық құжат дайындап жатыр. Онда энергия тапшы аймақтарда шағын модульді реакторлар орнату мәселесі қамтылуға тиіс. Мен Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді бірқатар әріптестерге және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Бұл сөзімді Премьер-министр Олжас Бектенов растай алады. АҚШ президенті Дональд Трамп та жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлегенде "Климаттың өзгеруі дегеніміз, бұл – жаһандық алаяқтық" деп дәл солай айтты. Сондықтан Қазақстан 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен құтылады деп ресми ұстанымымызды жарияладық. Қазір Қазақстанда 118 миллиард киловатт энергия өндіріледі. Бұл – жеткіліксіз. Цифрландыруды, жасанды интеллектіні қарқынды дамытсақ, әлдеқайда көп энергия керек болады, бұл – анық нәрсе. Сондықтан елімізде барлық энергетика көздерін тиімді пайдалану қажет. Ең алдымен, көмір. Қазақстан жылына шамамен 113 миллион тонна көмір өндіреді, бұл тұрғыдан алғанда, әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл – біздің актив, жетістік, оны дұрыс пайдалануымыз керек. АҚШ президенті "Маған жел ұнамайды, маған көмір ұнайды" деп өте дұрыс айтты. Расында, жел станциялары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай станциялар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін. Қазір озық технологиялар көмірді жақсы тазалайды, оның зияны жоқ, бағасы жел, күн, газбен салыстырғанда қымбат емес", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы бағытындағы жұмыс бір ведомствоның немесе саланың аясында шектеліп қалмауға тиіс екенін ескертті.
"Ядролық энергетиканың негізін қалау – ауқымды жалпыұлттық міндет. Атом генерациясы ең таза қуат көздерінің бірі саналатынына қарамастан, АЭС құрылысында барлық экологиялық норманы сақтау – басты талап. Ғылыми және қоғамдық ұйымдармен конструктивті ықпалдастықты жолға қою маңызды. Азаматтарымыздың белгілі бір бөлігінде радиофобия бар. Одан арылу үшін кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Атом жобаларын жүзеге асыру барысында жергілікті бизнестің мүддесін ескеріп, отандық үлестің деңгейін барынша қамтамасыз ету керек. Кәсіпорындарымызда аталған саланың жоғары стандарттарына сай өнім шығару үшін ғалымдардың, инженерлер мен өнеркәсіп мамандарының күш-жігерін жұмылдырған жөн. Ядролық энергетика кең бейінді кәсіптік техникалық мамандар даярлауға тың серпін береді. Біз техникалық білім беру саласы дамыған цифрлық державаға айналуымыз керек. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысты өте маңызды мәселе. Осы бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғаса береді. Ахмет Байтұрсынов "Ғылым мен өнер артқан сайын бейнет кеми түседі" деген. Ғылыми жетістіктерді барлық салада жаппай пайдалану қажет. Ғылымсыз ештеңе де берекелі болмайды. Бұл анық нәрсе. Ал білім болмаса, қараңғылық пен надандық белең алады. Сондықтан қоғамда ғылым-білім культін орнықтыру қажет. Лайықты ғалымдарды, әсіресе, жас мамандарды қосымша қаржыландыру керек", – деді мемлекет басшысы.
USD:
515.7 / 518.3
EUR:
604.5 / 608.5
RUB:
6.43 / 6.55

