Өңірлерде ауқымды қайырымдылық шарасының екінші кезеңі басталды. Шара барысында аз қамтылған отбасылар және ерекше күтімді қажет ететін балалары бар жанұяларға көмек көрсетіледі.
"Елбасы жылуы" қайырымдылық шарасына іліккен әр отбасына 130 килограмға дейін тауар беріледі. Ол – ұн, картоп, жеміс, күріш, қарақұмық, шай, қант, күнбағыс майы сияқты азық-түлік пен гигиеналық заттар. Жалпы тауардың салмағы – 120 тонна.
Іс-шара биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Сәуір айында азық-түлік өнімдері мен басқа да қажет тауарларды Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында 681 отбасы алды. Ал бұл жолы қажет тауар Тараз, Талдықорған, Орал қалалары, сондай-ақ, Алматы мен Ақмола облыстарында тұратын 1 000 отбасына жеткізіледі.
Оқи отырыңыз: Шілде айында 20 мың отбасына 500 миллион теңгенің азық-түлігі таратылады
"Мұқтаж жандарға көмек көрсетуге ұмтылу – халқымызға тән қасиет. Солай болып қала береді. Коронавирус пандемиясы қоғамда қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруға дайын жандардың көп екенін тағы бір рет көрсетті. Ондай адамдар қатарына "Дегдар" қорының қызметкерлерін, LIDER KZ еріктілер қозғалысының мүшелерін жатқызуға болады", – деді қор атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы.
Оның айтуынша, бұл қайырымдылық шарасы – коронавирус пандемиясынан зиян шеккендерге қолдау көрсетуге бағытталған бастамалардың бірі.