2023 жылғы 5 қарашада 45 аудан және облыстық маңызы бар қалаларда әкімдерді сайлау бойынша дауыс беру басталды, деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.
Облыстық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес, елорда уақытымен сағат 07.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде барлық 1491 аудандық және қалалық сайлау учаскелері дауыс беруге кірісті.
"Ең ірі 305 сайлау учаскесінде (1000-нан астам сайлаушы) ЦДИАӨМ және "Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ-мен бірлесіп, сайлаушылар тізіміне кірмеген, бірақ сайлау учаскесінің аумағында тұратын мекенжай мәліметтерін тексеру үшін сервис ұйымдастырылды. Жамбыл және Түркістан облыстарының 3 сайлау учаскесінде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заң шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларының қабылданған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 06.00-де басталды", – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының аумағындағы уақыт белдеулерінің шекараларына сәйкес 5 өңірдің: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарының сайлау учаскелері Астана уақыты бойынша сағат 08.00-де ашылды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда 2023 жылғы мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы қалай өтті? Бір күннің хронологиясы
Сайлаушылар тізіміне 1 062 327 азамат енгізілді.
4 қараша сағат 18.00-де жалпы, учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау бойынша дауыс беру құқығына 143 есептен шығару куәлігін берді.
Дауыс беру сайлау күні жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайда өткізіледі.