Өңірде қысқа жем-шөпті қамдау өткен айдан бастап қолға алынған болатын. Бүгінде көршілес Атырау облысына шөп сату деректері тіркеліп отыр. Бұл туралы хабарлаған ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін аудан әкімдерін шара қолдануға шақырды.
Себебі, облыс бірінші кезекте өз қажеттілігін қамтамасыз етіп алуы керек. Салалық басқарма басшысы осындай сату жағдайлары мал азығының тапшылығына ұрындыруы мүмкін екенін айтты. Шөп шабу науқанында Жаңақала, Ақжайық аудандарында мал азығының Атырау облысына сатылғаны белгілі болды.
"Мал азығын аудан аумағында дайындау мүмкіндіктері бар. Тасымалдау бір ауылдық округтен көзделіп отыр. Жетіспей қалса, бір-біріне тасымал жүргізіледі. Жаңақала ауданы Атырау облысымен шектеседі. Сол жақта шабылған шөпті Атырауға тасымалдағаны анықталды. Осы жағдайға қатысты аудан әкімдері шұғыл шараларды қолға алды. Өздеріне шөп жетіспей қалмауы үшін мал азығын сатуға тыйым салу керек", – деді Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.
Биыл мал азықтығы дақылдардың алқабы 189,2 мың га құраса, соның ішінде 154,0 мың га алқапта өткен жылдардағы көп жылдық шөптердің егісі болған. Біржылдық шөптер алқабы –17,8 га, көпжылдық шөп егісі – 15,5 га, сүрлемдік дақылдар алабы – 1,9 мың га. Мал азығын жинап алар тұста шаруалар бетпе-бет келетін мәселер бар. Мәселен, Тасқала, Казталов, Бөкейордасы, Бәйтерек, Жәнібек аудандарының шаруашылықтары мен егілген екпе шөптері киікке тапталып, шығынға әкеліп соғып отыр екен.
Аудандарда құрылған комиссиялармен анықталғандай, 1 млн 289 мың га, соның ішінде 1 млн 261 мың га жайылым, 23,7 мың га шабындық, 5 мың га дақылдар егісі киікке тапталған. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігімен келтірілген залалды өтеу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
"Барлық аудан әкімдері ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, жағдайды зерттеп, халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізсін. Шөп тасымалын ұйымдастырыңыз. Әсіресе, Бөкейорда, Жәнібек, Жаңақала аудандары мал қыстағына дейін әрекет етіп үлгеріңіз", – деп аудан әкімдеріне тапсырма берді аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Өңірде 1 рулон табиғи шөптің бағасы 3 мың теңгеден басталса, кейбір аудандарда 8000 теңгеге дейін жетеді. Қазталов, Жаңақала аудандары көлтабан жерлеріне су мол шығып, шөп өнімділігі 6-8 ц/га құрап отыр. Жаңақала ауданында көлтабан басынан рулон бағасы 5 мың теңге болса, Қазталов ауданында 4 мың теңгеден тасымалмен сатылып жатыр. Облыста биылғы жылы мал азығын молынан жинап алуға мүмкіндік бар. Көктемгі уақытта көлтабандар мен өзен көлдерге су қоры мол түскендіктен шөп бітік шыққан. Енді тек өз уақытында жиып алу да – үлкен маусымдық жұмыс.