Инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша оқуға түсетін "Болашақ" бағдарламасына үміткерлер француз тілін оқыту бойынша тегін курстардан өте алады. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Астана халықаралық форумы аясында ғылым және жоғары білім министрлігі мен халықаралық бағдарламалар орталығы Францияның Қазақстандағы елшілігімен меморандумға қол қойды.
"Бүгінгі қол қойылған келісім шеңберінде отандық мамандар бір жыл мерзімге тегін француз тілі курстарын өтуге мүмкіндігін алды. Бұл тілді басынан үйренгісі келетіндер үшін, сондай-ақ шет тілін меңгерудің кәсіби деңгейіне дейін білімін жақсартқысы келетіндер үшін тамаша мүмкіндік. Францияда "Болашақпен" білім алуға болатын жоғары оқу орындарының тізімін кеңейтіп жатырмыз. Қазіргі таңда 6 жоғары оқу орны болса, енді тізімді 12-15-ке дейін ұлғайтуымыз қажет", – деп атап өтті министр Саясат Нұрбек.