Тікелей эфир

Бизнес-идеяны іске асыру үшін грант алуға өтінім қабылдау басталды

Өтінімдерді қабылдау 10 жұмыс күніне созылады.

2022 жылдың 1 сәуірінен бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз гранттар алудың бірінші легіне өтінімдер қабылдау басталды. Өтінімдерді қабылдау Business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимінде жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

2019 грант беру жоспарланған. Оның 1089-ы жастар үшін және 930-ы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін.

Өтінімдерді қабылдау 10 жұмыс күніне созылады, содан кейін аудандық/қалалық комиссия берілген өтініштерді қарайды. Комиссия отырыстарында үміткерлер өздерінің бизнес-жобаларын таныстырады. Өтінім берілген күн комиссияның шешіміне әсер етпейді.

"Биыл өтінімдерді қабылдау 7 лек шеңберінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Мұндай шешім азаматтардың "Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқудан өтіп үлгеруі үшін қабылданды. Гранттар бір рет беріледі. Бұл ретте, бизнес-жобасын комиссия қарау барысында мақұлдамаған үміткер келесі ағындардың біріне өтінімді қайта бере алады", – делінген министрлік хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: 2022 жылы білім гранты ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға да беріледі


Биыл барлығы 20 мың грант бөлу жоспарланып отыр. Соның ішінде жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдар үшін (атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасы мүшелері – көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушы және (немесе) оның жұбайы (зайыбы); оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныс аударушылар; қандастар; мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері; мүгедектігі бар адамдар) 10 мың грант беру көзделуде.

Нысаналы санаттардан басқа, үміткерлер мынадай критерийлердің біріне сәйкес келуі тиіс:

  • халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыз азамат;
  • Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші;
  • өтініш берген сәтте мәртебесін ресімдеу мерзімі 1 жылға дейінгі жеке кәсіпкер;
  • жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлға.

"Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды аяқтау туралы қолданыстағы сертификаттың және оқыту барысында дайындалған бизнес-жоспардың болуы міндетті болып табылады. Бұдан басқа, грант алуға үміткердің тұрғылықты жері бойынша кемінде 1 жыл тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы тиіс. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының қазіргі қатысушылары, сондай-ақ, 12 ай бұрын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуды өз еркімен, дәлелсіз себеппен тоқтатқан адамдар грантқа үміткер бола алмайды", – деп түсіндірді министрліктегілер. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев бизнесмендерге: Болашақты Қазақстанмен байланыстырсаңыздар, қаржыны өз елімізге салыңыздар


Өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, порталда тіркелу, өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Гранттарды үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде халықты жұмыспен қамту орталықтары беретін болады. Комиссия мүшелері бизнес-жоспарды келесі критерийлер бойынша бағалайды:

  • бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі;
  • өткізу нарықтарының пысықталуы;
  • бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі;
  • кәсіпкерлік дағдылар деңгейі;
  • жаңа жұмыс орындарын құру.

Оқи отырыңыз: Бизнес туралы 2021 жылы жарық көрген үздік 15 кітап. Amazon нұсқасы


Шешім шығарылғаннан кейін порталдағы үміткердің жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер тиісті хабарламаны алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде порталда банк деректемелері бар банк шотын ұсынуы тиіс. Бұдан өзге, порталда хабарлама алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде грант алушы жеке кабинетте ЭЦҚ пайдалана отырып, шартқа қол қоюы тиіс.

Келесі ағындар бойынша өтінім беру күні алдын ала порталда, БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады. Қосымша ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары