Танымал америкалық тревел-блогер Коннор Кампергини Қазақстанға келіп, оны ешкім күтіп алмағанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады.
Блогердің айтуынша, ол жұбайымен бірге сапарға алдын ала дайындалып, келу жоспарын жасаған. Алайда елге келгенде оны ешбір ресми өкіл қарсы алмаған.
"Туризм министрлігі сіздің келетініңізді ұмытып кетсе не істер едіңіз? Бізді Қырғызстандағыдай қарсы алады деп ойлаған едік, бірақ ешкім күтіп алмады", – деп жазды блогер.
Сонымен қатар ол Қазақстанды шетелдіктер көбіне "Борат" фильмі арқылы танитынын айтып, бұл жағдайдың көңіліне тигенін жеткізді.
Осыған байланысты Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ресми түсініктеме беріп, блогерді ведомство арнайы шақырмағанын мәлімдеді.
"Шетелдік блогерлер негізінен ақпараттық турлар аясында шақырылады, ал жеке тұлғаларды арнайы шақыру қарастырылмаған. Сонымен қатар блогерден министрлікке ешқандай ресми өтініш түспеген. Ал Kazakh Tourism ұлттық компаниясы блогермен алдын ала байланыс болғанын растады. Дегенмен, екіжақты келіссөздер нақты келісімге келмей аяқталған", – делінген хабарламада.
Компания өз тарапынан Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыру үшін ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.