Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Әйел – ұлттың жан-дүниесі десек, артық айтқандық емес. Олар – шабыттың қайнар бұлағы, шығармашылық музасы, әдемілік эталоны. Әлемдегі сұлулықтың бәрі әйел бейнесімен астасады. Еліміздің дамуында әйелдер қауымының рөлі орасан зор. Кез келген жұмыста, мектепте, университетте, кәсіпорында, медициналық мекемеде, әскери бөлімде және басқа ортада болсын, әдетте әйелдер айрықша еңбексүйгіштігімен, асқан жауапкершілігімен үлгі көрсетеді. Қыз-келіншектердің ынтасы жоғары, мұқият, жинақы, сондықтан оларға көбірек сенім артады. Әдетте "нәзік жанды" деп атаймыз, бірақ шын мәнінде олар қиын сәттерде ерік-жігері мұқалмай, табанды мінезі мен төзімділігі, шешімталдығы арқасында ерлікке парапар іс атқарады", – деді президент.
Мемлекет басшысы адамзаттың көркем жаратылысы саналатын айымдарымыз нәзіктігіне қарамастан көп міндетті, тіпті әйелдерге тән емес ауыртпалықты мойымай көтеріп жүргенін атап өтті.
"Қазақ қызының жолы, тағдыры ешқашан кедір-бұдырсыз, яғни қиындықсыз болмаған. Оған тарих куә. "Қыздың жолы жіңішке", "Қызға қырық үйден тыйым" деген түсініктер халық санасына әбден сіңіп кеткен. Себебі, біз – қыз баланың абыройын ел болашағының кепілі деп санайтын елміз. Әйелдің табиғаты ерекше, жаны нәзік болса да, болмысы мықты деп айтуға толық негіз бар. Әйелдердің адалдығы, ұқыптылығы, еңбекқорлығы, ал, керек болса, батырлығы мен қайсарлығы бәрімізге белгілі. Әйелдің осындай ерекше болмысының арқасында қоғамда адами құндылықтар қалыптасып, елімізде сенім мен келісім, өзара тілеулестік рухы орнайды", – деді мемлекет басшысы.
USD:
461.9 / 464.5
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
5.95 / 6.07