Тікелей эфир

Биылдан бастап колледж студенттері бір оқу бағдарламасы шеңберінде бірнеше біліктілікті игереді

Студентке өндірістік тәлімгер бекітіледі.

Жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттерінің бір мамандық шеңберінде бірнеше біліктілік бойынша оқу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, олардың кәсіби тәжірибеден өткен уақыты еңбек өтілі болып есептеледі. Бұл туралы толығырақ Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова мен техникалық және кәсіптік білім департаменті басшысының орынбасары Ернат Жүнісов түсіндірді.

Академиялық дербестік. Бұған дейін колледждердегі оқу бағдарламасын министрлік өзі әзірлеп, пән, көлем және оқу мерзімін өзі анықтайтын. Оқу орындары өз кезегінде сол бағдарламалардың көмегімен жұмыс істеді. Ал қазір колледждерге толықтай академиялық дербестік беріліп, оқу бағдарламасын олар жұмыс берушілермен бірге отырып құрады. Сондай-ақ, оқу мерзімін де өздері анықтайды. Бұған дейін оқу мерзімі екі жылдан бастап төрт жылға дейін еді.


Оқи отырыңыз: ЖОО мен ҒЗИ маман дайындауға қажетті 500-ден астам білім бағдарламасын жасайды


Бірнеше мамандықты қатар алу. Биылдан бастап бір оқу бағдарламасы шеңберінде бірнеше мамандық игеру мүмкіндігі беріледі. Бұрын студент аспаз мамандығын 3 жыл оқыса, ал қазір студент бір мамандық шеңберінде үш біліктілік алып шыға алады. Біліктілікті алғаннан кейін студенттердің еңбек нарығына шығып жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. Қажет болған жағдайда оқу орнына қайтып келіп басқа біліктілікті игереді.

"Барлық колледж жанынан индустриалдық кеңестер құрылады. Сол кеңестер арқылы оқу бағдарламасының қажеттілігін анықтаймыз", – деді Ернат Жүнісов.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық студенттер пайдаланылған өсімдік майынан биоотын жасап шығарды


Колледж бен жұмыс беруші бірге әзірлеген оқу бағдарламасын кім тексереді? Министрлік жанынан оқу бағдарламаларының реестрі құрылады. Сапалы оқу бағдарламалары екі кезеңде сараптамадан өтіп мақұлданады. Министрлік оның стандартқа, ал жұмыс берушілер оның еңбек нарығының сұранысына сай келуін анықтайды.

Жұмыс берушілер дуалды оқыту жүйесін құптайды.

"Біз олармен толықтай келісеміз. Онда барлық оқу бағдарламасы қамтылып, жұмыс берушілердің сұратымы ескерілген. Олардың талаптары мен қалауы білім бағдарламасында жазылған. Екінші жағынан барлық уақыттың 60%-ы тәжірибеге жұмсалады", – деп түсіндірді Насымжан Оспанова.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда британдық университеттің филиалы ашылады


Студентке өндірістік тәлімгер бекітіледі. Тәлімгерді колледж бен жұмыс беруші тарап бірігіп бекітеді. Ол болашақ маманның өндірісті сапалы меңгеріп шығуына жауап береді және қызметі үшін ақы алады.

Тәжірибе еңбек өтіліне есептеледі. Бұған қатысты ереже Еңбек кодексіне енгізілді. Студенттер шамамен бір жылдан екі жылға дейін кәсіби тәжірибеден өтуі мүмкін. Осы тәжірибеден өткен уақыт құжатта оның еңбек өтіліне кіреді.

Еске салсақ, қазақстандық студенттердің пайдаланылған өсімдік майынан биоотын жасап шығарғаны туралы хабарлаған едік. Жас ғалымдардың жобасы бірқатар экологиялық және экономикалық мәселені шешеді.

Серіктестер жаңалықтары