Тікелей эфир

Биыл ҰБТ-да 51 мыңға жуық оқушы шекті балл жинай алмады

3 179 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Тестілеу қорытындысы бойынша 103 мыңнан астам талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 67 пайызын құрайды. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артқан. Тестіленушілердің 51 мыңға жуығы немесе 33 пайызы шекті балл жинай алмады, деп мәлімдеді ҚР ҒЖБ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Жарасова.

ҰБТ орташа балы 66 балды құрады. Ең жоғары балл – 139 балл. 3 179 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мұнымен қатар, департамент басшысы 2022 жылы өткен ҰБТ-ның басты жаңашылдықтарын атады: 

Бірінші. Биыл ҰБТ сұрақтары толықтай жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша құрастырылды. ҰБТ-ның тест тапсырмалары тек оқылған материалды жаңғыртуға емес, сонымен қатар, оқылған материалды нақты және жаңа жағдайларда пайдалануға, атап айтқанда қағида, әдіс, ұғым, заң, қағидат, теорияларды қолдануға бағытталған.

Екінші. 2022 жылы ҰБТ-ның базасына "Қазақстан тарихы" пәні бойынша тест тапсырмаларының саны өзгеріссіз сақтала отырып контекстік тест тапсырмалары енгізілді. Яғни, 15 сұрақтың 5 сұрағы контекстік сұрақтар, мәтінді оқып сұрақтарға жауап беру қажет. Сонымен қатар, екі жыл қатарынан Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша 100 дата бекітілді. Тестілеу барысында кездесетін даталар тек осы 100 датадан болды. Олар желтоқсан айында ашық дереккөздерге ілінген.  


Оқи отырыңыз: ҰБТ-дан кейін аппеляцияға берілген 50 мың өтініштің 318-і қанағаттандырылды


Үшінші. Шекті балдарға келсек "Құқық" білім беру саласы бойынша шекті балл өзгерді және 75 балды құрайды. Білім берудің басқа салалары бойынша өзгерістер жоқ. Яғни, "Педагогикалық ғылымдар" білім беру саласы бойынша – кемінде 75 балл, "Денсаулық сақтау" саласы бойынша – кемінде 70 балл, "Ауыл шаруашылығы және биоресурстар", "Ветеринария" салалары бойынша – кемінде 60 балл. Ұлттық ЖОО-ларға – кемінде 65 балл, ал басқа ЖОО-ларға – кемінде 50 балл.

Төртінші. Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік шараларын сақтау өте маңызды. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Электрондық форматтың академиялық адалдық және объективтілік тұрғысынан бірқатар артықшылығы бар. Оған тест нұсқаларының бірегейлігін жатқызуға болады. Яғни, ҰБТ-ның әр қатысушысының жеке тест нұсқасы болды.

Бесінші. Талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында біз ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тестілеуді іске қосылды. Бұл жүйе барлық талапкерге тегін негізде қолжетімді. Сынақ тестілеуінен өту кезінде талапкер тест тапсырмаларымен танысуға және таңдалған пәндер бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндігі бар. 


Оқи отырыңыз: Қала мен ауыл білімі арасындағы алшақтық қысқарып келеді


"Сонымен қатар, 2022 жылдың түлектері үшін одан да көп білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар жүргізілді. Сабақтар орталықтардың YouTube арналарында тікелей эфирде өтеді және сақталды. Талапкерлер кез келген уақытта сабақтарды қайта қарай алады", – деді Гүлжан Жарасова.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары