USD: 468.7 / 472.7
  • EUR: 535.0 / 540.0
  • RUB: 5.75 / 5.87
Тікелей эфир
Алматы +33C
Все города

Биыл Түркістан облысында ерекше қажеттілікке ие азаматтардың 45 мың өтініші қанағаттандырылды

Фото ЖИ көмегімен жасалды
Фото ЖИ көмегімен жасалды
Облыстың барлық өңірінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік оңалту іс-шараларына бағытталған "Тең қоғам орталықтары" табысты жұмыс жасап тұр.

Қоғамның кемелдігі мен мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі, ең алдымен, ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға деген көзқараспен өлшенеді. Бүгінде Түркістан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жай ғана есеп үшін емес, әрбір азаматтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, деп мәлімдеді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы.

Жеке оңалту бағдарламасы мен техникалық көмек

Аймақтағы әлеуметтік қолдаудың ең іргелі әрі маңызды тетіктерінің бірі – медициналық әлеуметтік сараптамалық комиссиясы тарапынан әрбір азаматтың денсаулық ерекшелігіне қарай жеке айқындалатын оңалту бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында ерекше қажеттіліктері бар жандар мемлекет тарапынан өздеріне ең қажетті деген техникалық оңалту құралдарымен толық көлемде қамтамасыз етіліп жатыр.

Бұл көмектердің тізбегі өте ауқымды. Олардың қатарында күрделі протездік-ортопедиялық бұйымдар, заманауи есту аппараттары, көру қабілеті бұзылған жандарға күнделікті өмірде таптырмас көмекші болатын арнайы тифлотехникалық құралдар мен есту-сөйлеу мүкістігі бар азаматтарға септігін тигізетін сурдотехникалық жабдықтар бар. Мұнымен қоса, күнделікті тұрмысқа қажетті міндетті гигиеналық құралдар мен қозғалыс мүмкіндігі шектелген жандардың еркін жүріп-туруын қамтамасыз ететін арнаулы жүріп-тұру құралдары үздіксіз беріліп келеді.

"Біз үшін әрбір өтініштің артында адам тағдыры тұрғанын түсіну маңызды. Мемлекет бөлген әрбір техникалық құрылғы немесе оңалту жолдамасы ерекше жандардың қоғамға бейімделіп, ешкімнен кем емес өмір сүруіне септігін тигізеді. Сондықтан бұл көмектердің сапалы әрі уақытылы жетуін жіті қадағалаймыз", – деді Мекенхан Қозыханұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіру мақсатында медициналық оңалту, арнайы шипажайда емдеу және басқа да кешенді қалпына келтіру шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Ал тұрмыста өзгелердің көмегіне тәуелді, қозғалуы қиын жандар үшін мемлекет есебінен арнаулы әлеуметтік қызметтер кешені ұсынылады. Атап айтқанда, бірінші топтағы ерекше қажеттіліктері бар жандарға барып-келу мен күнделікті істерінде қолғабыс болатын жеке көмекші қызметі көрсетілсе, есту және сөйлеу қабілеті шектелген азаматтар үшін қоғаммен еркін байланыс орнатуға септігін тигізетін ымдау тілі маманының кәсіби қызметі көрсетіледі. Осындай ауқымды да қажырлы жұмыстардың нәтижесінде 6 айдың қорытындысы бойынша аудан және қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардан түскен 45 мың өтініш жан-жақты қаралып, толықтай қанағаттандырылған.

"Тең қоғам орталықтары" және әлеуметтік интеграция

Бүгінгі күннің басты талабы – ерекше қажеттіліктері бар жандарды тек техникалық құралдармен ғана қамтып қоймай, оларды қоғамның белсенді, толыққанды мүшесіне айналдыру. Осы орайда, облыстың барлық өңірінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік оңалту және оларға қоғам өмірінде тең мүмкіндіктер қалыптастыру іс-шараларына бағытталған "Тең қоғам орталықтары" табысты жұмыс жасап тұр.

Бұл орталықтардың басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға әлеуметтік теңдікті сезіндіру, оларға кәсіби құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету. Орталық мамандары әрбір жанды мүмкіндігінше қоғаммен тең дәрежеде өмір сүруге ынталандырады және ортаға бейімдейді. Орталықтардың қызметіне деген сұраныстың жоғары екенін биылғы есеп те нақ дәлелдейді: осы уақыт ішінде аталған орталықтар арқылы 2900-ге жуық ерекше қажеттіліктері бар адамға жан-жақты әрі мамандандырылған қызмет көрсетілген.

"Инфрақұрылымдық қолжетімділік пен кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында облыстың барлық өңірінде арнайы инватакси қызметі тұрақты ұйымдастырылған. Бұл қызмет түрі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың үйінен емдеу-сауықтыру мекемелеріне, әлеуметтік және мәдени нысандарға кедергісіз барып-келуін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде олардың қозғалыс еркіндігін айтарлықтай арттырды. Мемлекеттік қолдау шаралары мұнымен шектелмейді. Жергілікті деңгейдегі ерекше қамқорлықтың көрінісі ретінде аудан және қала әкімдіктері мен мәслихаттардың қабылдаған тиісті шешімдеріне сәйкес, аймақтағы ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға жыл сайын маңызды даталарға орай қаржылай қолдау көрсетіліп тұрады. Атап айтқанда, "Қазан айының екінші жексенбісі – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау күніне орай, облыстағы ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарға жыл сайын тұрақты түрде бірреттік әлеуметтік көмек беру қарастырылған және ол уақытылы төленіп келеді. Қорыта айтқанда, жоғарыда егжей-тегжейлі аталған мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен жүйелі қолдау шараларының барлығы Түркістан облысындағы ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сүру сапасын түбегейлі жақсартуға, олардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға және қоғам өміріне белсенді, тең құқылы мүше ретінде араласуына кеңінен мүмкіндік береді", – деді басқарма өкілі Мекенхан Қозыханұлы.


Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау