Қазақстанда қазан айы әдеттегіден жылы болады деп күтілуде. Қарашада да ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болуы мүмкін, деп мәлімдеді Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.
"Ауа райы болжамына сәйкес, қазанда республиканың басым бөлігінде орташа айлық температура нормадан 1-2°С жоғарылайды. Тек Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығысында және Абай облысында көрсеткіш климаттық норма шамасында болады деп болжанып отыр. Қараша айы да жылы болады. Республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары сақталады. Жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде – Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік аймақтарында нормадан асуы ықтимал", – деді Экология министрі.
Оқи отырыңыз: Астанада егізінен айырылған ананың оқиғасы бойынша тексеріс жүріп жатыр
Қазан айында жауын-шашын мөлшері еліміздің басым бөлігінде норма шегінде сақталады. Тек қиыр батыс пен солтүстік-батыста (Батыс Қазақстан облысы, Атырау мен Маңғыстау облыстарының батыс бөлігі, Ақтөбе облысының солтүстігі және Қостанай облысының солтүстік-батысы) жауын-шашын нормадан көп жауады. Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың жазық аймақтарында, орталық өңірлердің оңтүстігінде және Абай облысының оңтүстік бөлігінде жауын-шашын нормадан аз болады деп күтілуде.
Толықтырылған ауа райы болжамын "Қазгидромет" аптасына екі рет Ауыл шаруашылығы министрлігіне мен Үкімет аппаратына ұсынып отырады. Бұл болжамдар бір аптаға шақталып, әр облыс пен күн бойынша нақтыланып беріледі.