Тікелей эфир

"Бірнеше айға созылып кетеді". Асхат Аймағамбетов әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу рәсімдерін сынға алды

Осыған орай депутат заңнамаға бірнеше өзгерістер енгізуді ұсынды.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік саладағы мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде мәселе көп екенін айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасына жариялады.

Депутаттың айтуынша, жаңадан салынған мектептердің сапасы, жыл сайынғы демалыс кезіндегі мектептерде жөндеудің уақытылы аяқталмауы, ғылыми институттар мен университеттердің сапалы реактивтер мен қажетті құрылғыларды сатып ала алмауы, білім беру ұйымдарындағы күзет қызметіндегі тиімсіздігі, бейнекамералар мен күнделікті тауарлардың сапасының төмендігі осы рәсімдердің тиімсіздігінен болып отыр.

"Мекеме басшылары таңның атысынан күннің батысына дейін айналысатындары осы шаруашылық жұмыстары, басқасына уақыты жоқ. Сатып алу жүйесіне бақылау, ашықтық керек, сыбайлас жемқорлықты алдын алу қажет. Мысалы, қыста жылыту қазандығы жанып, мекеменің шатыры ұшып кетсе, оны шұғыл қалпына келтіре алмайды. Сатып алу рәсімдері бірнеше айларға созылып, іс сотқа өтіп кетеді. Соған байланысты мәселелерді дер кезінде шешу үшін демеуші іздеуге, ақша жинауға және басқа да әрекеттерге баруға мәжбүр болады", – деді Асхат Аймағамбетов.


Оқи отырыңыз: Экс-министр Асхат Аймағамбетов 3 жылда білім саласын қалай жаңғыртты?


Осы ретте ол заңнамаға бірнеше өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда:

  1. 100-500 АЕК-ге дейін қаражат шеңберінде бұрынғыдай бір көзден тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу құқығын беру (жылдық сол тауарға берілген бюджет шеңберінде болса);
  2. Әлеуметтік нысандарда төтенше жағдайлар болған кезде ерекше тәртіппен, жедел/сатып алу тәртібін енгізу;
  3. Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердегі күзет қызметін сатып алуды ерекше рәсім арқылы өткізу, тек қана көрсетілетін қызметтің құны емес, сапасын, балалармен жұмыс істеулеріне байланысты қосымша талаптарға сай болуын қамтамасыз ету және 3 жылға келісім шарт жасап, бірқалыпты тәртіп енгізу, өйткені білім беру мекемесінің режимі мен ерекшеліктері бар;
  4. Ғылым саласында ұзақ мерзімді сатып алу рәсімдерін саланың ерекшеліктеріне бейімдеу.

"Мысалы, құрылғылар мен реагенттер сатып алу 6 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін, сол уақытта сапасын айтпағанда ол зерттеудің қажеттігі де болмай қалады", – деді мәжіліс депутаты.

Серіктестер жаңалықтары